📰 Сарапшылар пікірі

Депозиттен табыс табуға бола ма? Сарапшы жауабы

Отандастарымыздың көбі инвестиция жасағанда ең алдымен қарапайымдықты қалайды. Негізгі сұрақ та өзгермейді. Ақша депозиттен жоғары табыс берсе екен деп ойлайды. Инвестор Аман Әлімбаевтың айтуынша, осындай сұранысқа сай арнайы портфельдер жасалады. Бұл портфельдер әр адамның мақсатына, табысына, тәуекел деңгейіне қарай жинақталып, ақшаны жүйелі түрде жұмыс істетуге көмектеседі, деп жазады Ozgeris.info.
Портфельдің негізін не құрайды?
 
Қаржы әлемін толық түсінбей-ақ, ұзақ мерзімге жоспар құруға болады. Өйткені мұндай портфельдерге кездейсоқ активтер емес, ондаған жыл бойы әлемдік нарықта сыналған активтер кіреді. Дұрыс жасалған портфель әртүрлі активтердің тепе теңдігіне сүйенеді. Оның ішінде әлем елдеріндегі акциялар, дамыған және дамушы мемлекеттердің облигациялары және алтын бар. Бұл активтер түрлі дағдарыста да өзін жақсы көрсеткен.
 
– Портфель құрылымы да қалыптасқан. Әдетте оның 20% бен 60% аралығында облигация мен алтын орналасады. Бұл бөлік портфельге тыныштық береді. Ал қалған 40% бен 80% аралығында әлемдік акциялар тұрады. Бұл бөлік капиталдың өсуін қамтамасыз етеді. Осылай табыс пен тұрақтылық бір портфельдің ішінде тең жүреді, – дейді инвестор. 
Портфель қалай берік болады?
 
Портфельді құруда негізгі ереже бір. Бір актив бүкіл тәуекелді өз мойнына алмауы керек. Сол үшін активтердің тәуекелі тең етіп бөлінеді. Бұл тәсіл risk parity деп аталады. Оны Bridgewater, AQR сияқты ірі институттар өз зерттеулерінде дәлелдеп қойған. Қарапайым тілмен айтқанда, бір актив құлдыраса, екіншісі оны теңестіреді. Осылай портфельдің жалпы күйі тұрақты болып қалады. Бұл болжам емес, ғылыми есепке негізделген тәсіл.
 
– Портфельге кіретін акциялар кездейсоқ таңдалмайды. Олар арнайы модель арқылы іріктеледі. Модель компанияның пайдасын, капиталды қалай пайдаланып отырғанын және қарыз деңгейін тексереді. Осы талдаудан өткен компаниялар портфельде қалады. Олар мұндай іріктеуден кейін артық бағаланбаған, тұрақты, дағдарысты да көтере алатын компания болып шығады. Бұл тәсіл факторлық инвестирование деп аталады. Оны Фама мен Френч бастаған көптеген зерттеу дәлелдеген, – дейді А. Әлімбаев. 
 
Портфель тәуекелі қалай бақыланады?
 
Портфель тәуекелі күнделікті жаңалықтармен емес, оның ішкі құрылымымен басқарылады. Активтердің тізімі өзгермейді. Бірақ олардың үлесі уақыт өте реттеледі. Нарық құбылмалығы артқан кезде үлестер қайта есептеледі. Сол арқылы портфель әр адамның тәуекел деңгейіне сәйкес қалып қояды. Формула өзгермейді, тек салмақ өзгеріп тұрады. Бұл тәсіл портфельді болжамды етеді және басқаруды жеңілдетеді.
 
– Неге екі адамның портфелі бірдей болмайды? Мақсат бір болған күннің өзінде, әр адамның портфелі әртүрлі. Мысалы, екі адам 10 жыл ішінде ерте зейнетке шығуды қалайды делік. Бірақ біреу ондаған жыл жинаған капиталымен келеді, екіншісі енді ғана жүйелі түрде сала бастайды. Біреу орташа тәуекелге дайын. Біреу барынша сақ. Біреу табысын теңгемен алады, екіншінің табысы шетел валютасында. Ақшаны алатын мерзімі де әртүрлі. Осы ерекшеліктердің бәрі портфельдің құрылымына әсер етеді. Сондықтан мақсат бір болса да, жол әр адамда әртүрлі, – дейді сарапшы. 
 
Сонымен бұл тәсіл нарықты болжау емес. Бұл ғылыми негізделген, ондаған жыл бойы институционалды инвесторлар қолданып келе жатқан жүйе. Тиісті құрылым жасалғаннан кейін портфель:
• тұрақты табыс береді
• ұзақ мерзімде өзін ақтайды
• тапшылыққа емес, стратегияға сүйенеді
• комиссия мен салықты оңтайландырады
 
Егер адам өз мақсатына қарай жүйелі инвестиция жасағысы келсе, осындай портфельдер оған ұзақ жыл тірек бола алады.
Барлық жаңалық