Жеке кәсіпкерлер арасында жиі туындайтын сұрақтың бірі – қызметін тоқтатқаннан кейін есепті қай жылдың заңымен тапсыру керек деген мәселе. Әсіресе, бір жыл жұмыс істеп, келесі жылы ғана ресми түрде жабылатын кәсіпкерлер үшін бұл түсініксіз жайт болып жатады. Салық маманы Балжан Бақытқалиқызы бұл мәселенің мәнін нақтылап түсіндіріп берді, деп жазады Ozgeris.info.
«Бұл сұрақ кәсіпкерлер арасында жиі қойылады. Көп жағдайда жеке кәсіпкер бір жыл жұмыс істеп, қызметін тоқтатса да, құжаттарын ресми түрде келесі жылы рәсімдеп жатады. Осындай кезде адамдар қай жылғы заңмен есеп тапсырамыз деп шатасып қалады. Негізінде бұл жерде екі түрлі кезең бар. Біріншісі – кәсіпкер жұмыс істеген уақыт, екіншісі – кәсіпкерлікті ресми түрде жабу кезеңі», дейді маман.
Салық заңнамасына сәйкес, ең алдымен кәсіпкер нақты жұмыс істеген кезеңдегі міндеттемелерін толық орындауы қажет. Егер жеке кәсіпкер 2025 жылы қызмет атқарған болса, онда сол жылға қатысты барлық салық есептері дәл 2025 жылғы заң талаптарына сәйкес тапсырылады.
«Егер жеке кәсіпкер 2025 жылы жұмыс істеген болса, онда сол жылға қатысты барлық салық есептері міндетті түрде 2025 жылғы салық заңнамасына сәйкес тапсырылады. Яғни, кәсіпкер қандай режімде жұмыс істеді, жеңілдетілген декларацияда ма, әлде жалпыға бірдей режімде ме, сол режім бойынша кезекті есептерін толық өткізуі керек. Бұл – жылдық немесе тоқсандық есептер болуы мүмкін. Қысқасы, 2025 жылғы қызметке қатысты барлық міндеттеме сол жылдың тәртібімен орындалады», деп түсіндіреді Б.Бақытқалиқызы.
Бұл жерде кәсіпкердің таңдаған салық режімі де маңызды рөл атқарады. Өйткені әр режімнің өзіне тән есеп беру тәртібі, мерзімі және талаптары бар. Сондықтан кәсіпкер өткен кезеңдегі барлық есептерді уақытылы әрі толық тапсыруға міндетті. Ал кәсіпкерлікті жабу рәсімі басқа кезеңге жатады және ол бөлек қарастырылады. Егер кәсіпкер 2026 жылы қызметін ресми түрде тоқтатуды шешсе, онда тарату рәсімі сол жылдың заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
«Ал енді кәсіпкер 2026 жылы кәсіпкерлікті жабамын деп шешсе, онда тарату рәсімі басқа тәртіппен жүргізіледі. Өйткені кәсіпкерлікті ресми түрде жабу үдерісі сол жылы әрекет етіп тұрған заңға сәйкес рәсімделеді. Бұл жағдайда кәсіпкер 2026 жылғы салық кодексінің талаптарына сүйеніп әрекет етеді», дейді маман.
Тарату кезінде кәсіпкер міндетті түрде арнайы ликвидациялық есеп тапсыруы керек. Бұл – кәсіпкерлік қызметтің толық тоқтатылғанын растайтын соңғы құжат.
«Ең маңыздысы, кәсіпкер алдымен 2026 жылға арналған салық режімін таңдайды. Мысалы, ол жеңілдетілген декларация режімін таңдай алады немесе жалпыға бірдей режімді қолдануы мүмкін. Қай режімді таңдаса, сол режім бойынша ликвидациялық есепті, яғни, таратуға арналған есепті тапсырады. Ликвидациялық есеп – кәсіпкердің қызметін толық тоқтататынын көрсететін соңғы есеп. Сол есеп тапсырылғаннан кейін ғана жеке кәсіпкерлікті жабу рәсімі аяқталады», деп нақтылайды сарапшы.
Көп жағдайда кәсіпкерлер дәл осы тұста қателеседі. Олар қызметін тоқтатқан жыл мен кәсіпкерлікті ресми жабу жылын шатастырып алады. Көп адам 2025 жылы жұмысымды тоқтаттым, демек барлық есепті сол жылдың заңымен жабамын деп ойлайды. Бірақ бұл толық дұрыс емес. Себебі кәсіпкерлік ресми түрде 2026 жылы жабылып жатса, онда тарату рәсімі де, ликвидациялық есеп те 2026 жылғы талаптарға сәйкес жүргізіледі. Осылайша, кәсіпкер үшін екі кезеңді нақты ажырату аса маңызды. Бірінші кезең – нақты қызмет атқарған уақыт, екінші кезең – кәсіпкерлікті ресми түрде жабу процесі.
Бірінші кезеңде кәсіпкер өткен жылға қатысты барлық салық міндеттемелерін орындайды. Ал екінші кезеңде қолданыстағы заңнамаға сәйкес тарату рәсімін жүргізеді. Салық мамандарының айтуынша, есепті дұрыс тапсыру және мерзімдерді сақтау – кәсіпкерді артық айыппұл мен мәселеден қорғайды. Сондықтан кез келген жағдайда заң талаптарын мұқият қарап, қажет болса, мамандардан кеңес алған жөн.