Америкалық Academy of Motion Picture Arts and Sciences кино саласында жасанды интеллектіні қолдануға қатысты жаңа талаптарды бекітті, деп жазады Ozgeris.info.
Жаңа ережеге сәйкес, «Оскар» сыйлығына ұсынылатын фильмдердің сценарийі толықтай адам автордың еңбегі болуы керек.
Академия шешіміне сай, актерлік номинацияларға үміткерлер де тек тірі орындаушылар арасынан таңдалады. Экрандағы рөл нақты актердің қатысуымен жасалып, оның келісімі болуы шарт. Бұл талап жасанды интеллект арқылы жасалған немесе толық цифрлық кейіпкерлердің марапатқа ұсынылу мүмкіндігін шектейді.
Сонымен қатар фильм өндірісінде технологияларды пайдалану әр жоба бойынша жеке қарастырылады. Академия өкілдері шығармашылық процесте басты рөл адамға тиесілі болуы тиіс екенін атап өтті.
Жаңа ережелер 99-шы «Оскар» марапаттау рәсімінен бастап күшіне енеді. Салтанатты шара келесі жылдың наурыз айында өтеді деп жоспарланған.
Бұдан бөлек, актерлерге бір санат аясында бірнеше рөлмен қатар ұсынылуға рұқсат беріледі. Ал халықаралық фильмдер номинациясында бір елден бірнеше туынды ұсынуға мүмкіндік жасалады.