✅ Пайдалы

Қалтаны қақпайтын көліктер

Қалтаны қақпайтын көліктер

Қазіргі нарықта көлік сатып алу бұрынғыдай тек мәртебе немесе жайлылық мәселесі емес. Жанармай бағасының қымбаттауы, қосалқы бөлшек пен техникалық қызмет көрсету құнының өсуі жүргізушілерді ұзақ мерзімдік шығынға көбірек назар аударуға мәжбүр етті. Осыған байланысты америкалық GOBankingRates қаржы порталы автонарық сарапшыларымен бірлесіп, иесіне ең аз шығын әкелетін көліктердің тізімін жариялады, деп жазады Ozgeris.info.

Зерттеу тек бастапқы бағаны емес, жанармай шығынын, сақтандыру құнын, техникалық қызмет көрсету бағасын және көліктің уақыт өте келе өз құнын қаншалықты сақтайтынын қамтыған. Сарапшылардың байламынша, бүгінде ең тиімді көліктер қатарында шағын седан мен хэтчбек үлгілері көш бастап тұр. Соңғы жылдары кроссоверлер мен жол талғамайтын көліктерге сұраныс артқанымен, олардың шығыны да жоғары. Ал ықшам көліктер жанармайды аз тұтынады, күтімі арзан әрі ұзақ уақыт бойы нарықтағы бағасын жоғалтпайды. CarEdge сарапшылары бұл бағытта жапон брендтерінің көш бастап тұрғанын айтады.

«Тұрақты түрде ең жақсы нәтижелер көрсететін брендтер – Toyota, Lexus, Honda және Acura. Бұл көліктер сенімділігімен, техникалық ақаудың аздығымен және ұзақ жылдар бойы өз құнын сақтай алуымен ерекшеленеді», дейді сарапшылар.

Picture background

2026 жылға арналған ең үнемді әрі шығыны аз көліктер тізіміне Toyota Corolla, Toyota Corolla Hatchback және Toyota Camry модельдері енген. Сонымен қатар Honda Civic пен Honda HR-V, Nissan Sentra мен Nissan Versa да жоғары бағаланған. Бұдан бөлек Hyundai Venue, Subaru Impreza және Kia K4 модельдері де күнделікті пайдалануға қолайлы әрі шығыны аз көліктер ретінде аталды.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай көліктердің басты артықшылығы – қарапайым құрылым мен сенімді қозғалтқыш. Күрделі электроника мен қымбат технологиялар аз болған сайын, күтім шығыны да төмендей береді. Әсіресе, тұрақты табысы бар, бірақ артық шығыннан қашатын жүргізушілер үшін бұл маңызды факторға айналып отыр. Соңғы уақытта гибрид көліктерге деген қызығушылық та арта түскен. Толық электрлі көліктер әлемде қарқынды дамып жатқанымен, көптеген елде қуаттау инфрақұрылымы әлі де жеткіліксіз. Оның үстіне, пайдаланылған электр көліктерінің бағасы тез арзандайды. Ал гибрид модельдер бұл екі мәселенің ортасынан тиімді жол тауып отыр.

Picture background

ACV Auctions автокөлік аукцион платформасының вице-президенті Рэнди Бароне гибридтердің болашағына ерекше тоқталды.

«Қашықтық қоры немесе қуаттау инфрақұрылымының жоқтығына байланысты толық электрлендіруге дайын емес адамдар үшін гибридтер жақсы балама болып қала береді. Олар жанармай үнемдеуді және тұрақты амортизацияны ұсынады. Гибрид көліктер әсіресе үлкен қалаларда тиімді. Себебі кептеліс кезінде электр қозғалтқышы көбірек іске қосылып, жанармай шығынын айтарлықтай азайтады. Сонымен қатар мұндай көліктердің қозғалтқышына түсетін салмақ төмен болғандықтан, техникалық тозуы да баяу жүреді», дейді ол.

Picture background

Ал премиум санаттағы көліктерге қатысты сарапшылардың пікірі мүлде басқа. Әсіресе жүрілген неміс көліктерін сатып алу көп жағдайда күтпеген шығындарға әкелуі мүмкін екені айтылды. Audi, BMW, Land Rover және Mercedes-Benz брендтері техникалық қызмет көрсету құны ең жоғары көліктердің қатарына кіреді. Consumer Reports ұйымының өкілі Стивен Элек бұл мәселеге арнайы тоқталды. Люкс санатындағы автокөліктер уақыт өте келе қызмет көрсету жағынан өте қымбатқа түседі. Шынында, бастапқыда арзан бағаға алынған премиум көлік кейін иесіне бірнеше есе шығын әкелуі мүмкін. Пневматикалық аспа жүйесі, күрделі электроника, турбиналы қозғалтқыш пен түрлі сенсорлардың істен шығуы қомақты қаржы талап етеді. Кей жағдайда екі-үш жылдың ішінде жөндеу шығыны көліктің өз бағасынан асып түсетін жағдайлар да кездеседі.

Picture background

Мамандар көлік таңдауда эмоцияға емес, ұзақ мерзімдік есепке сүйенуге кеңес береді. Әсіресе 5-10 жыл мінетін көлік алғанда сенімділік бірінші орында тұруы тиіс. Сарапшылардың ортақ пікірі бойынша, үнемді көлік іздеген адам жапон немесе корей брендтеріне, шағын сегментке және классикалық гибрид модельдерге назар аударғаны жөн. Себебі көлік сатып алу бір басқа, ал оны жылдар бойы бюджетке салмақ түсірмей ұстау мүлде бөлек мәселе.

Барлық жаңалық