Қазақстанда БЖЗҚ-дағы ақшаны тіс емдеуге пайдалану мәселесі қайта талқыланып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты. Оның сөзінше, жүйені реттеп, барлық процесті ашық ету жұмыстары жүріп жатыр, деп жазады Ozgeris.info.
Жақын уақытта зейнетақы жинағын тіс емдеуге пайдалану мүмкіндігі қайта қаралуы мүмкін. Қазір бұл бағытта арнайы тәртіп қалыптастыру үшін жұмыс жүргізіліп жатыр. Мақсат – қаражаттың қалай жұмсалатынын нақты бақылап, барлық процесті бір жүйеге келтіру.
Ләззат Ибрагимова бұл мәселені көтеріп жүргенін айтты. Оның айтуынша, бұрын кейбір адамдар жинақтағы ақшаны дұрыс пайдаланбаған. Соның салдарынан әділ пайдаланып жүрген адамдар да мүмкіндіктен айырылып қалды.
«Жинақтарын тиімсіз жұмсаған 10% халықтың кесірінен қалған 90% салымшы бұл мүмкіндіктен қағылды. Мен мұны әділетсіз деп санаймын», деді ол.
Қазір 2026 жылдың соңына дейін осы процесті толық ретке келтіру жоспарланып отыр. Жаңа жүйе бойынша стоматологиялық клиникалар мен ем көрсететін басқа да медициналық ұйымдар бір жүйеге қосылуы керек. Сонымен бірге жасалған емнің актілері онлайн форматта рәсімделіп, Денсаулық сақтау министрлігімен біріктіріледі. Осылайша барлық ақпарат ашық болады.
Ибрагимованың айтуынша, зейнетақы жинағын емделуге пайдалануға қатысты соңғы шешімді Денсаулық сақтау министрлігі қабылдайды.
Айта кету керек, өткен жылдың соңында БЖЗҚ ақшасын тіс емдеуге, көз емдеуге және пластикалық операция жасауға пайдалануға толық тыйым салынған еді. Мұндай шешімнің себебі – көптеген адамның қаражатты заңсыз мақсатта қолдануы.
Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегіне сәйкес, зейнетақы қорынан тіс емдеуге 200 млрд теңге заңсыз алынған. Сондықтан жаңа тәртіп енгізу арқылы қаражаттың қалай жұмсалатыны қатаң бақылауға алынбақ.