2026 жылдың қаңтарында Қазақстандағы тұрғын үй нарығы тағы да өсім көрсетті. Бірақ бұл жолы көрініс біржақты емес, баға жоғарылап жатыр, ал мәміле саны азайған. Halyk Finance сарапшысы Арслан Ароновтың зерттеуіне сәйкес, бастапқы нарықтағы баға бір жылда 17%-ға өсті. Қайталама нарықта өсім 13,6% болды. Ал инфляция 12,2%. Яғни, баспана бағасы жалпы баға өсімінен жылдамырақ қымбаттауда, деп жазады Ozgeris.info.
Бастапқы нарықта ең жоғары өсім Алматыда тіркелді – 23,6%. Павлодарда 18,5%, Ақтөбеде 18,4%, Астанада 18,1%, Шымкентте 15,1% болды. Қарағанды мен Семейде жаңа үй бағасы 3% шамасында ғана көтерілді. Петропавлда баға өзгеріссіз қалды. Қайталама нарықта да өсім бар – Алматыда 24,0%, Павлодарда 16,2%. Қарағандыда 2,6%, Қонаевта 0,9% өсім байқалды. Жалға беру нарығы да қозғалды – қаңтарда жалдау ақысы 12,5% артты. Павлодарда жалға беру 47,1%, Петропавлда 40,1%, Ақтөбеде 23,4% қымбаттады. Арслан Аронов бағаның өсуін былай түсіндіреді:
«2026 жылдың басындағы 17,0% өсім кездейсоқ емес. 2025 жылдың қазан айынан бері бастапқы нарықтағы баға инфляциядан жоғары қарқынмен өсіп келеді. Негізгі фактор – қосылған құн салығының жоғарылауы. Құрылыс компанияларының шығыны артты, бұл бірден шаршы метр құнына әсер етті. Бұған қоса үлестік құрылыс талаптарының қатаюы, БЖЗҚ қаражатын тұрғын үйге пайдалану көлемінің ұлғаюы және 7-20-25 бағдарламасы бойынша шекті бағалардың өсуі сұранысты күшейтті. Халық жеңілдетілген ипотека арқылы бұрынғыдан қымбатырақ жаңа үйлерді сатып ала бастады. Соның бәрі бағаны жоғары итермеледі».

Баға өскенімен, нарықта белсенділік төмендеді. Қаңтарда 27,7 мың мәміле тіркелді. Бұл өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда 10,3% аз, ал желтоқсанмен салыстырғанда 47,8% төмен. Мәмілелердің 78,3% көпқабатты үйдегі пәтерлерге тиесілі. Негізгі сатылым орталықтары – Астана 19,4%, Алматы 18,7%, Қарағанды облысы 8,1%. Ең аз көрсеткіш Ұлытау облысында – 1%. Бір бөлмелі пәтерлер 8,2 мың, екі бөлмелі пәтерлер 8,1 мың мәмілемен ең өтімді сегмент болды. Жеке үйлер бойынша келісімдер саны бір айда 49,6% қысқарды.
Бұл жерде қарапайым халық үшін маңызды сұрақ туындайды – баға өсіп тұрса да, неге сатып алушылар азайған? Себебі бір жағынан баспана қымбаттады, екінші жағынан талаптар күшейіп келеді. Ипотека алу қиындауы мүмкін. Салық өзгерістері де өз әсерін береді. Сондықтан адамдар шешім қабылдауға асықпай отыр. Нарықта сақтық күшейген. Сарапшы бұл үрдіске де тоқталды:
«Қаңтардағы 27,7 мың мәміле – нарықтағы салқындаудың белгісі. Бұл тек маусымдық құбылыс емес. Алдағы уақытта сұраныстың өсуі баяулайды. Салықтық өзгерістер, ипотекалық талаптардың қатаюы, банктердің төлем қабілетін қатаң бағалауы және БЖЗҚ бойынша жеткіліктілік шегінің көтерілуі нарыққа қысым жасайды. 1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді. Қысқа мерзімде бұл құрылыс компанияларының шығынын арттырып, бағаны тағы көтеруі мүмкін. Бірақ ұзақ мерзімде бұл сапа мен қауіпсіздікті жақсартады. Жалпы 2026 жылы нарық өсім аймағында қалады, бірақ бұрынғыдай қарқынды болмайды».