Көлік аларда ең бірінші сұрақ – «сенімді ме?» болады. Әсіресе 2026 жылдың басында жұрт күрделі техникадан емес, тексерілген, әуре-сарсаңы аз машиналардан үміт күтеді. Америкалық GOBankingRates сарапшылары дәл осындай қағидамен ең сенімді автокөліктердің тізімін жасап шыққан, деп жазады Ozgeris.info.
Ең алдымен көзге бірден түсетіні – Toyota. Бұл бренд тағы да көш басында. Бір емес, бірден 3 моделі – Toyota Camry, Toyota Corolla және Toyota Prius – ең сенімді көліктер қатарына кірген. Мұның себебі қарапайым: күрт өзгеріс жоқ, бұрыннан сыналған техникалық шешімдер бар, қызмет ету мерзімі де алдын ала болжамды. Сол үшін халық бұл машиналарға сенеді.
Consumer Reports жүргізген соңғы сауалнамада Toyota сенімділік бойынша 1-орынға шыққан. Ал Camry J.D. Power зерттеуінде орта класс сегментіндегі ең үздік автомобиль деп танылған. Яғни, бұл жай ғана пікір емес, бірнеше зерттеудің қорытындысы.
Prius-ты бөлек атап өткен жөн. 100 км жолға шамамен 4,1 л отын жұмсайды. Иә, гибрид болған соң техникасы күрделірек. Бірақ Toyota-ның гибрид саласындағы тәжірибесі мол, сондықтан бұл модель де сенімді көліктер қатарынан түсіп қалған жоқ.
Келесі топ – классикалық таңдауды ұнататындар үшін. Subaru брендінің Subaru Forester мен Subaru Impreza модельдері тізімге енген. Толық жетек пен қауіпсіздікті бағалайтындар үшін бұл машиналар бұрыннан таныс. Қазақстанда Forester жиі кездеседі, ал Impreza ықшамдау болғанымен, соңғы жылдардағы нұсқалары жолда сиректеу ұшырасады.
Премиум сегменттен Lexus те тыс қалмаған. Lexus NX пен Lexus RX – жайлылығы жоғары, нарықта өзін дәлелдеп қойған кроссоверлер. Бұл модельдер иесін артық әуре-сарсаңға салмайды, сондықтан көпшіліктің сеніміне ие.
Тізімде Honda бренді де бар. Honda HR-V Қазақстанда әзірге сирек кездеседі. Модель бренд өлшемімен алғанда салыстырмалы түрде жас, бірақ Honda-ның дәстүрлі сенімділік стандарттарын сақтап отырғаны байқалады.
Корей брендтері де өз деңгейін ұстап тұр. Kia компаниясының Kia Sorento Hybrid моделі ерекше аталады. Consumer Reports есебінде Kia жалпы рейтингте 10-орынға ғана ие болғанымен, дәл осы гибридті Sorento АҚШ-та жоғары сенімділікке ие. Сарапшылар оны ең сенімді 3-қатарлы кроссоверлердің бірі деп те атап жүр.
Ал Hyundai ұсынған Hyundai Elantra Hybrid үнемділігімен көзге түседі. 100 км жолға 4,4 л жанармай жұмсайды. Қала ішінде жүруге өте қолайлы, әрі сенімді седан ретінде бағаланып отыр.
2026 жылдың басындағы ең сенімді көліктер тізімінде күтпеген жаңалық аз. Халық бұрыннан тексерілген, аты қалыптасқан модельдерге тағы да дауыс берген. Сенімділік дегенде дәл осы машиналар бірінші еске түсетіні де бекер емес.