2026 жылдан бастап тұрғындарға салынатын айыппұлдар едәуір өсті. Бұған айлық есептік көрсеткіштің 4 325 теңгеге дейін ұлғаюы себеп. Енді көпқабатты үйде күнде көріп жүрген кейбір әрекеттер үшін ондаған мың теңге айыппұл салынып, тіпті қамауға алу жазасы да қолданылуы мүмкін, деп жазады Ozgeris.info.
Биыл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс тұрғындардың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін талаптарды нақтылап отыр. Пәтер өз меншігің болғанымен, подъезд, аула, баспалдақ, лифт сияқты ортақ аумақта бәріне бірдей ортақ тәртіп бар. Осыны ескермеген тұрғын айыппұлмен бетпе бет келеді.
Ең жиі кездесетін заң бұзушылықтың бірі – шу. Көпқабатты үйде және аулада кешкі 22:00-ден таңғы 9:00-ге дейін тыныштық сақталуы тиіс. Бұл талап аптаның барлық күніне ортақ. Ал тұрғын үйге жақын орналасқан кафе мен барлар үшін жұмыс күндері 22:00-ден 9:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері 23:00-ден 10:00-ге дейін шулауға тыйым салынады.
Шуға перфоратормен жөндеу жасау, айқай, қатты музыка, теледидардың дауысын шектен тыс қою, фейерверк пен петарда жатады. Мұндай жағдайда тұрғындарға 21 625 теңге айыппұл салынады. Ал кәсіпкерлік нысандар үшін айыппұл 86 500 теңгеден басталады.
Келесі маңызды мәселе – тіркеу. Пәтер сатып алып немесе жалға алып көшіп келген соң, жаңа мекенжайға 30 күн ішінде тіркелу міндетті. Бұл талап орындалмаса, тұрғын 30 275 теңге айыппұл төлейді. Егер бұл жағдай қайта анықталса, айыппұл 56 225 теңгеге дейін өседі.
Тіркеу мәселесі пәтер иелеріне де тікелей қатысты. Егер жалға берілген пәтерде адамдар тіркеусіз тұрса, бірінші рет пәтер иесіне 43 250 теңге айыппұл салынады. Қайта анықталса, айыппұл 86 500 теңгеге жетеді.
Көп тұрғын мән бермейтін тағы бір жайт – подъездегі жеке заттар. Ескі шкаф, балалар арбасы, қорап-қоқыс баспалдақта тұрса, бұл өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу болып саналады. Төтенше жағдайда өту жолдары бос болуы керек. Мұндай заң бұзушылық үшін алдымен ескерту жасалуы мүмкін, ал айыппұл мөлшері 21 625 теңгеден басталып, қайталанса 43 250 теңгеге дейін өседі.
Қоқысқа қатысты талап та қатаң. Қоқыс пакетін есік алдына немесе подъезге уақытша қойып кетудің өзі заң бұзушылық болып есептеледі. Бұл үшін 43 250 теңге айыппұл салынады немесе 40 сағат қоғамдық жұмыс тағайындалады. Егер бір жыл ішінде қайта қайталанса, айыппұл 86 500 теңгеге дейін өседі немесе 80 сағат қоғамдық жұмыс беріледі.
Подъезд, баспалдақ, лифт сияқты ортақ аумақта темекі шегуге тыйым салынған. Алғаш рет ұсталған адам 64 875 теңге айыппұл төлейді. Қайта анықталса, айыппұл 86 500 теңгеге жетеді.
Алкогольге қатысты талап та назардан тыс қалмауы керек. Подъезд, аула, баспалдақ қоғамдық орын саналады. Бұл жерде ішімдік ішуге болмайды. Бірінші рет 21 625 теңге айыппұл салынады. Қайта бұзылса, 43 250 теңге айыппұлмен қатар 20 сағат қоғамдық жұмысқа тарту немесе 5 тәулікке дейін қамау жазасы қолданылуы мүмкін.
Ең қатаң жаза вандализмге қарастырылған. Қабырғаға жазу жазу, пошта жәшіктерін сындыру, шамдарды, қоршауларды бүлдіру үшін 216 200 теңге айыппұл салынады немесе 5 тәуліктен 20 тәулікке дейін қамау жазасы беріледі. Бір жыл ішінде қайталанса, қамау мерзімі 20-30 тәулікке дейін ұзарады.
Осындай жағдайлардың алдын алу үшін көпқабатты үйлерде КСК мен ОСИ-дің рөлі ерекше. КСК – тұрғын үйді күтіп ұстаумен айналысатын кооператив. Ол тазалық, жөндеу, ортақ мүлікті сақтау мәселелерін қадағалайды. Ал ОСИ – меншік иелерінің бірлестігі. Бұл жүйеде тұрғындар өз үйлерін басқаруға тікелей қатысады, жиналыс өткізіп, ортақ тәртіпті өздері бекітеді.
Егер подъезде немесе аулада заң бұзушылықтар жиі қайталанса, алдымен КСК немесе ОСИ арқылы жиналыс өткізіп, тұрғындарға талаптарды түсіндіруге болады. Бұл көп жағдайда мәселені ушықтырмай шешуге көмектеседі. Ал егер ескерту нәтиже бермесе, полицияға немесе төтенше жағдайлар қызметіне жүгінуге болады. Мұндай кезде заң бұзушылықты фото немесе видеоға тіркеп алған жөн.