Қазақстан экономикасы негізінен шикізатқа ғана сүйеніп келеді. Сарапшылардың айтуынша, бұл бағыт ел дамуына уақытша ғана серпін беріп отыр. Ал тұрақты өсімге жету үшін өңдеу саласын күшейтіп, импортты алмастыруға ден қою қажет. Әйтпесе, бір бағытқа тәуелді экономикалық модель ұзаққа бармайды, деп сараптайды Ozgeris.info.
Экономикамыз бір бағытқа тәуелді
Ел экономикасын күшейтудің ең тиімді жолы импортты алмастыру және өңдеу саласын дамыту. Сарапшылардың есебінше, егер ел осы бағытты жүйелі түрде дамытса, ішкі жалпы өнімге 38 миллиард доллар қосымша табыс әкелуге мүмкіндік бар. Бұл туралы Еуразиялық даму банкінің сарапшылары жариялаған зерттеуде айтылған.
Олардың пікірінше, шикізатқа тәуелді экономикалық модельден бас тарту керек. Жоғары деңгейде өңделген өнім өндіру елге жаңа табыс пен жұмыс орындарын әкеледі. Еуразиялық аймақтағы жеті елдің экономикасына мұндай өзгеріс жыл сайын 500 миллиард доллардан астам пайда түсіре алады. Ал тек Қазақстанның өзіне бұл өсім айтарлықтай әсер етеді.
«Қазір Қазақстан экономикасы көбіне шикізатқа сүйеніп отыр. Мұнай мен газ экспорттың негізгі бөлігін құрайды. 2024 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 288 миллиард доллар болды. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі бар болғаны 12 пайыз немесе 34 миллиард доллар шамасында. Өңдеу саласындағы жоғары деңгейлі өнімдердің үлесі 17 пайыздан аспайды. Яғни ел әлі де болса шикізатты сыртқа сатып, дайын өнімді сырттан алып отыр. Мұндай жағдайда экономика бір бағытқа тәуелді болып қала береді», дейді зерттеушілер.
Еуразиялық даму банкінің сарапшылары Қазақстанда өңдеу саласын кеңейту арқылы экспорт көлемін 7,8 миллиард долларға арттыруға болатынын айтады. Химия, металлургия, тамақ өндірісі мен машина жасау салалары негізгі бағыт бола алады. Негізгі металдар өндірісі қосымша 1,4 миллиард доллар кіріс әкелуі мүмкін. Химия өнеркәсібі 1,1 миллиард, тамақ өнімдері 948 миллион, машина жасау 764 миллион, электр жабдықтары 583 миллион, жеңіл өнеркәсіп 518 миллион доллар пайда түсіруі ықтимал.
«Қазақстан жыл сайын сырттан дайын тауар мен техника көп әкеледі. Сарапшылардың айтуынша, бұл тәуелділіктен арылуға мүмкіндік бар. Егер ел өз ішінде өндірісті жолға қойса, импорт көлемін айтарлықтай азайтуға болады. Мысалы, машина жасау саласын дамытса, сырттан 1,6 миллиард доллардың техникасын алмастыруға болады. Электр жабдықтарын өзімізде шығарсақ, тағы 1 миллиард доллар үнемделеді. Химия, металл және азық-түлік өндірісінде де осындай мүмкіндік бар. Импорттың орнын басу үшін елге жаңа зауыттар, заманауи технологиялар және кәсіби мамандар қажет. Бұл бағытта мемлекет пен бизнес бірге жұмыс істеуі тиіс. Импортты алмастыру тек өндірістің өзіне ғана әсер етпейді. Ол басқа салаларды да дамытады. Егер өңдеу саласы кеңейсе, онымен бірге энергетика, сауда, көлік және ауыл шаруашылығы да өседі», дейді мамандар.
Еуразиялық даму банкінің есебінше, осы өзгерістер экономикаға қосымша 23 миллиард доллар кіріс әкеледі. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халық табысының өсуіне ықпал етеді. Мысалы, химия өндірісі мен машина жасауға инвестиция салынса, металлургия мен энергетика саласы да алға жылжиды. Өйткені бұл бағыттар бір-бірімен тығыз байланысты.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанға белсенді индустриялық саясат қажет. Мемлекет пен жеке сектор өзара келісіп, ортақ мақсатқа жұмыс істеуі керек. Импортты алмастырумен қатар экспорттық өнімдерді де көбейту маңызды. Мұндай теңгерімді тәсіл елді сыртқы соққылардан қорғайды. Сонымен бірге жоғары табысты нарықтарға жол ашады.
Банк сарапшылары бұл мақсатқа жету үшін үш бағытта жұмыс істеуді ұсынады. Өнеркәсіпті басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыру, кәсіпорындарға нақты көрсеткіштер мен нәтижелер қою және білім мен кадр даярлауға инвестиция салу қажет. Сондай-ақ инженерлік және басқарушылық мамандықтарды дамыту, жастардың техникалық білім алуына жағдай жасау маңызды. Қазақстанның өңдеу саласындағы әлеуеті 38 миллиард доллар деп бағаланған. Бұл көрсеткіш Ресейде 433 миллиард доллар, Өзбекстанда 15 миллиард шамасында. Дегенмен елдің даму қарқыны дұрыс жолға қойылса, Қазақстан да 15 пайыздық тұрақты өсімге қол жеткізе алады.
Еуразиялық даму банкінің сарапшысы Арман Ахунбаевтың пікірінше, басты мақсат – жаңа буындағы өнеркәсіп құру. Өнеркәсіп жоғары өнімді жұмыс орындарын қалыптастырады. Өнімділік артқан сайын жалақы да өседі. Ал жоғары табыс орта таптың қалыптасуына мүмкіндік береді. Орта тап көбейген сайын ел экономикасы да тұрақты дамиды.

Экономиканы әртараптандырмасақ әлекке түсеміз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел экономикасын әртараптандыруға жаңа серпін беру қажеттігін атап өтті. Кейінгі жылдары өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосылған құны екі есе өсіп, 17 триллион теңгеге жуықтағанымен, оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі небәрі 12,4 пайызды ғана құрап отыр. Президент бұл көрсеткішті жеткіліксіз деп бағалап, экономикалық саясатты жаңа деңгейге көтеру міндетін қойды.
«Экономиканы әртараптандыруды тың қарқынмен жалғастыру керек. Ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, терең өңделген өнім шығаруға басымдық берілуі қажет. Қазір бұл жұмыс жүйесіз жүргізіліп жатыр. Бұл саланы ретке келтіріп, үйлестіру жұмысын толығымен қолға алу керек», деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл бағыт елдің экономикалық қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етудің ең басты тетігіне айналуы тиіс. Экономиканың шикізатқа тәуелділігі азайса, елдің ішкі нарығы нығайып, сыртқы факторларға тәуелділік төмендейді. Осыған байланысты Үкіметке өңдеу саласын дамыту, инновациялық өндірістер ашу және жаңа инвестициялық құралдарды енгізу тапсырылды.
Премьер-министрдің ресми мәліметінше, алдағы жылдары ел экономикасына шамамен 150 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция тарту көзделген. Негізгі мақсат – экономиканы тұрақтандыру, жаңа өндірістерді іске қосу және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Биылғы жеті айдың қорытындысында ішкі жалпы өнім 6,3 пайызға өсті. Нақты сектордағы өсім 8,3 пайыз, ал қызмет көрсету саласында 5,2 пайыз болды.
Экономикалық серпінге ең көп үлес қосқан салалар қатарында көлік, құрылыс және сауда бар. Бұл – елдің өндірістік және инфрақұрылымдық әлеуеті артып келе жатқанын көрсетеді. Өңірлердің мүмкіндігін кеңейту мақсатында Үкімет 2025-2030 жылдарға арналған өңірлік даму тұжырымдамасын қабылдады. Бұл құжаттың аясында артта қалған аймақтарға көбірек қаржы бөлініп, моноқалаларды дамытуға ерекше назар аударылады.
Ауылдық жерлер де назардан тыс қалмайды. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2025 жылы 50 миллиард теңге бөлінсе, 2028 жылға қарай бұл қаражат 450 миллиард теңгеге жетпек. Осы арқылы 25 мыңнан астам жоба жүзеге асып, 30 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл ауыл тұрғындарының табысын арттырумен қатар, аймақтық экономиканы жандандыруға мүмкіндік береді.
Халықаралық агенттіктердің бағалауынша, Қазақстан инвестициялық тартымдылығын сақтап отыр. 2022-2024 жылдары елге 69 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Оның 22 пайызы өңдеу өнеркәсібіне, 39 пайызы тау-кен секторына бағытталған. Бұл көрсеткіштер елдің қаржы нарығына деген сенімнің сақталғанын білдіреді.

Инвестиция көлемінен бұрын сапасы маңызды
Сенат депутаты Евгений Больгерттің пікірінше, инвестицияны тарту кезінде басты назар оның сапасына аударылуы керек. Тек көлемге ұмтылу жеткіліксіз, ең бастысы – инвестиция экономиканың құрылымын өзгертуге және жаңа технологиялар енгізуге ықпал етуі тиіс.
«Президенттің жаңа инвестициялық цикл бастау туралы айтқаны орынды. Бірақ бұрынғы қателіктерді қайталамау қажет. Бұған дейін тартылған тікелей инвестициялардың басым бөлігі шикізаттық салаға бағытталды. Енді әр өңір мен сала өз қажеттілігін нақты анықтап, соған сәйкес инвестициялық тапсырыс жасауы тиіс. Ал жауапты институттар осы бағытқа сай инвесторларды тартуы қажет», деді сенатор.
Оның айтуынша, инвесторлармен жұмыс әртүрлі ведомство арасында бөлініп кеткендіктен, жүйенің тиімділігі төмендеп отыр. Осы олқылықты жою үшін мемлекет деңгейінде уәкілетті орган құрып, барлық инвестициялық үдерісті бір орталықтан басқару қажет. Сондай-ақ сенатор өңірлердің инвестициялық рейтингісін қалыптастыру идеясын ұсынды.
«Жаңа тиімді құрал – өңірлердің рейтингі. Әкімдердің аймақтың инвестициялық тартымдылығы бойынша бағалануы нақты нәтижелерді көрсететін әдіс болмақ. Өйткені әрбір жоба түптің түбінде белгілі бір өңірде жүзеге асады. Негізгі жұмыс та сол жерде жүреді. Сондықтан жергілікті билік пен орталықтың өзара байланысы нақты нәтиже беруге тиіс», деді Евгений Больгерт.
Әртараптандырудың жаңа кезеңі басталды
ҚСЗИ сарапшысы Әсел Әбеннің айтуынша, әртараптандыру елдің сыртқы саудасын кеңейтіп, экономиканың жаңа тынысын ашып отыр. 2025 жылдың алғашқы жартысында өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты 12,8 миллиард долларға жетіп, жалпы экспорттың үштен бірін құрады.
«Еліміз біртіндеп шикізат қана емес, күрделі өнім жеткізушісі ретінде де өз орнын бекітіп жатыр. Бірақ әлі де ішкі және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті терең өңделген өнімдерге басымдық беру қажет. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар жүйесіз. Қолдау шаралары әртүрлі институттар арқылы жүзеге асырылады, бұл кәсіпкерлерге түсініксіз. Сондықтан тәсілдерді оңтайландыру керек», деді сарапшы.
Оның пікірінше, экономиканың жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті болуы үшін инновациялық тәсілдер мен технологияларды енгізу маңызды. Бұл тек өндіріс көлемін емес, оның сапасын арттырады. Әсіресе, отандық кәсіпорындарға заманауи өндіріс құралдарын енгізіп, кадр даярлау ісін күшейту қажет.
Жаңа технология – тұрақты дамудың кепілі
Экономист Руслан Сұлтанов елдің ұзақмерзімді дамуы үшін экономиканы әртараптандырудың маңызы зор екенін айтады. Ол бұл бағытты елдің табысын арттырып, сыртқы тәуекелдерден қорғайтын басты құрал ретінде сипаттайды.
«Бұл мұнай мен металға тәуелділіктен арылу деген сөз. Ауыл шаруашылығы, IT, қаржы, туризм және фармацевтика сияқты жаңа салаларды дамыту керек. Мұнай бағасы төмендеген жағдайда әрбір азаматтың табысы бұдан зардап шекпеуі тиіс. Өндірісті әртараптандыру қолданбалы деңгейде ерекше рөл атқарады. Қазір елде өндіру мен металлургия салалары басым. Бірақ болашақта индустрия машина жасау, мұнай химиясы, фармацевтика және жоғары технологиялар бағытына қарай дамуы қажет. Бұл жоғары қосылған құн әкеледі және технологиялық тәуелсіздікке жол ашады», деді экономист.
Оның айтуынша, елдің болашағы – технологияға негізделген экономикада. Егер Қазақстан өндіріс пен ғылымды біріктіріп, жаңа технологияларды игеруге күш салса, онда әлемдік нарықтағы орнын күшейтеді. Бұл тек экономикалық өсім ғана емес, жаңа буын мамандарын қалыптастыруға да ықпал етеді.