Премьер-министр Олжас Бектенов жылу маусымына дайындық жұмыстары әлі толық аяқталмаған өңір басшыларына тапсырма берді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
"14 қыркүйектен бастап Павлодар облысында жылыту маусымы басталды. Бұл жұмыстарды солтүстік және шығыс өңірлерде ауа райының көрсеткіштеріне қарай 1 қазанға дейін бастау күтілуде. Жалпы жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Энергия көздерінде жылыту маусымын бастау үшін қажетті отын қоры және негізгі жабдықтардың құрамы қалыптастырылды. 17 мың шақырым электр желілерін жөндеу толық көлемде орындалды, 9 қосалқы станцияда жұмыстар аяқталу сатысында тұр. Сондай-ақ жоспардағы 377 шақырым жылу желілерінің жалпы дайындығы 97%-ды немесе 366 шақырымды құрайды", – деді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Оның айтуынша, дайындық бойынша бірқатар өңірлер Энергетика министрлігі мен Үкіметтің ерекше бақылауында тұр.
"Мәселен, өткен аптада Сәтбаев қаласында жылу магистралін жаңғырту толық аяқталды, қазіргі уақытта желіні тазалау және қысыммен сынау жұмыстары жүргізілуде. Петропавл қаласының жылу магистральдары бойынша дайындық 95% құрайды, барлық жұмыстарды ағымдағы аптаның соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Семей қаласындағы үш жоба бойынша есепті апта ішінде жұмыстар 15% орындалып, жоспардың орындалуы 70% құрайды. Сонымен бірге, сутартқыш құрылғылары мен жылу алмастырғыштарды жеткізу тек 26 қыркүйекте күтілуде. Бұл ретте, өңір әкімдігіне жабдықтарды жеткізуді жеделдету қажет. Степногорск қаласында өткен апта ішінде жылу магистралін реконструкциялау жұмыстары 24% орындалып, желінің жалпы дайындығы 76% құрады. Аяқтау мерзімі ағымдағы жылғы 25 қыркүйекте күтілуде", – деді министр.
Өңірлерге жөндеу жұмыстарын барынша қысқа мерзімде аяқтау тапсырылды.
"Министр жаңа айтып өткендей, бірқатар өңірлерде жөндеу жұмыстары толық аяқталған жоқ. Аталған өңір әкімдері жылу беру мәселесін тікелей бақылауға алсын. Семей, Степногорск, Петропавл қалаларында жылу жүйесін іске қосуға баса назар аудару қажет", – деді Премьер-министр Олжас Бектенов.