Маңғыстау облысында үш ересек адам мен бір бала ботулизм белгілерімен ауруханаға жеткізілді. Төртеуінің де жағдайы ауыр, қазір олар өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Мамандар улануға үй жағдайында дайындалған салқын ысталған балық себеп болуы мүмкін деп болжап отыр. Бұл туралы Ozgeris.info сайты Lada-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы Марал Қадырдың мәліметінше, Мұнайлы ауданының үш тұрғыны облыстық көпбейінді ауруханаға жатқызылған. Ал 9 жас 10 айлық бала облыстық балалар көпбейінді ауруханасының инфекциялық бөліміне түскен.
Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер 17 қыркүйекте отбасылық басқосуда үй жағдайында дайындалған салқын ысталған балық жеген. Балық бұған дейін тоңазытқышта ұзақ уақыт сақталған. Отбасы мүшелері оны шамамен сағат 20:00 мен 21:00 аралығында тұтынған.
Уланудың алғашқы белгілері келесі күні, 18 қыркүйек кешке байқалған. Ал 19 қыркүйекте науқастар медициналық көмекке жүгінген.
Марал Қадырдың айтуынша, бастапқыда зардап шеккендердің жүрегі айнып, бірнеше рет құсқан. Ауруханаға жеткізілгеннен кейін олардың жағдайы ауыр деп бағаланған.
“Негізгі белгілердің қатарында әлсіздік, бас айналу, жұтыну мен көрудің қиындауы, тамақтың жыбырлауы мен құрғауы, көздің бұлдырауы және заттың қосарланып көрінуі, сондай-ақ сананың бұзылуы байқалды”, – деді Марал Қадыр.
Қазір төрт науқас та ауыр жағдайда жатыр. Олар өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер детоксикациялық және симптоматикалық ем жүргізіп, ботулизмге қарсы арнайы сарысу енгізген.
Осы жағдайдан кейін дәрігерлер тұрғындарға үй жағдайында дайындалатын және тез бұзылатын тағамдарды сақтау кезінде ерекше сақ болуды ескертті. Азық-түліктің жарамдылық мерзіміне мән беріп, санитарлық талаптар сақталмаған сауда орындарынан өнім сатып алмауға кеңес берді.
Сондай-ақ уланудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда өз бетінше емделмей, мүмкіндігінше тез медициналық көмекке жүгіну қажет.