Премьер-министр Олжас Бектенов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі су тасқынына дайындық барысымен танысып, Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізді. Жиынға орталық мемлекеттік органдардың басшылары мен бірқатар облыс әкімдері қатысты деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Отырыс барысында көктемгі тасқын кезеңінде елді мекендер мен инфрақұрылым нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелері қаралды. Премьер-министр кейбір өңірлерде өзен арналары толық тазартылмағанын, жағалауды бекіту және қар шығару жұмыстары жеткіліксіз екенін атап өтті.
Үкімет басшысы әкімдерге тәуекелі жоғары елді мекендерді бір апта ішінде қайта тексеріп, қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
Мамандардың айтуынша, биылғы көктемде ауа температурасы қалыпты деңгейден жоғары болып, жауын-шашын мөлшері артуы мүмкін. Бұл бірқатар өңірде су тасқыны қаупін күшейтеді.
Қазіргі уақытта еліміз бойынша 1242 елді мекенде су басу қаупі бар. Тасқын кезеңіне дайындық үшін 39 мыңнан астам құтқарушы мен маман, сондай-ақ 18 мыңнан астам техника дайындалған.
Үкімет сондай-ақ тасқын қаупін болжау үшін Tasqyn ақпараттық жүйесін және аумақтарды бақылауға арналған дрон технологияларын пайдалануды күшейтуді тапсырды.