Мәдениет

Beatles-ды қазақша сөйлеткен: Мектеп бағдарламасына салт-дәстүр сабағын енгізу керек - сарапшы 

Жалпы, мәдениет дегенде көпшіліктің ойына алдымен ән, би, өнер келеді. Бірақ мәдениет дегеніміз тек мұнымен шектелмейді дейді сарапшылар. Ол қарапайым сәлемдесуден бастап, дастарқан басындағы әдебімізге, көшедегі жүріс-тұрысымызға дейінгі кең ұғым. Ұлттың болмысын айқындайтын осы құндылықтарды ата-бабамыз қастерлеп, ардақтап өткен. Сондықтан қазіргі жастардың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңірген дұрыс дейді сарапшы. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты жалғастырады.

Қазақы амандасу – ұлттың айнасы

Мәселен, қазақ «Армысыз» деп амандасқан. Мәдениеттанушы Бердалы Оспан бұл тек жай амандасу емес, терең мәні бар сөз дейді. Кейін ислам діні енгеннен соң «Ассалаумағалейкум» деп амандасу дәстүрі орнықты. Дегенмен қазақтың өз амандасуы – «Армысыз» деген сөздің мағынасы ерекше.

«Ар» – адамның тазалығы, намысы. Балаға кішкентайынан «ала жіпті аттама» деп үйреткен. Яғни, біреудің ала жібін аттама, өтірік айтпа, қылмыс жасама деген ұғым. Сол себепті «Армысыз ба?» деп амандасу – бүгінгі тілмен айтқанда «парақор емессің бе, әділетсіз емессің бе?» дегендей мағынаны береді. Өзім әзіл-шыны аралас осыны жиі айтып жүремін», - дейді сарапшы.  

Әр халықтың амандасу дәстүрі бар. Ағылшындар, қырғыздар, басқа ұлттар өзінше амандасады. Қазақтың да өз амандасу сөзі «Армысыз» бар. Мұны «Қыз Жібек» фильмінде де естуге болады. Леонид Соболевтің «Көшпенділер» трилогиясында да кездеседі. Яғни, бұл жаңа ашылған дүние емес, тек көпшілік көңіл бөлмей келген сөз. 

Қазақ есімдері – тарихтың ізі

Сарапшы есімдердің мағынасына да тоқталды. Бердалы Оспанның басты еңбектерінің бірі – қазақ есімдерін жинақтау. Ол «Есімдер сақтардан қазақтарға дейін» атты кітабында ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі есімдердің тарихын зерттеген. Оның айтуынша, қазіргі кезде бізде шетелдік есімдер көбейіп барады. Оның ішінде араб есімдері де, батыстық есімдер де көп. Бірақ қазақтың төл есімдері өте бай, әрі ежелден келе жатыр. Осы тақырыппен көптен бері айналысып келе жатқан мәдениеттанушыТамирис заманынан бастап, сақ дәуірінен, ғұн, түркі, қазақ дәуірлерінен жалғасқан есімдерді жинағанын айтты. 

«2005 жылға дейін оқыған кітаптарымның шетіне әртүрлі есімдерді түртіп жүрдім. Әкем қайтыс болғаннан кейін қолыма қалам алып, сол жинаған дүниелерді реттедім. Әкем Мұқтар филолог ғалым, Мұхтар Әуезовтің соңғы аспиранты Асилхан Османұлының шәкірті болған. Әкем Мәделіқожа, Майлықожа, Нұралы Ергөбек секілді оңтүстіктің ақындарын зерттеп, тарихқа енгізген жан еді. Сол кісінің еңбегінің әсері болса керек, мен де қазақ есімдерін терең зерттеуге ден қойдым. 

Жинаған материалдарымда әр есімнің қайдан алынғаны, қандай кітаптан кездескені нақты көрсетілген. Әрбір атаудың жанында сілтеме мен дерек бар. Мысалы, «Дүржан» деген есім бар. Ол ақын Шөже Қажыбайұлының замандасы. «Қызтумас» деген есім Бағжан Номыншымның әжесінде кездеседі. Күзембай, Күзембек, тіпті «Күзек» деген есімдер бар. Бұлардың бәрі біздің бай мәдениетіміздің бір бөлігі», - дейді маман. 

Сондықтан мәдениет деген ұғымды тек ән-күймен, би-шешендікпен шектемей, амандасу дәстүрінен бастап, есімдерімізге дейін қамтуымыз керек. Қазақтың төл сөздері мен есімдері – ұлттың тарихы мен болмысының айнасы.

156 салт-дәстүрді дәлелдеп жазған

Ғалымның айтуынша, қазақтың салт-дәстүрлерінің байлығы  мен тарихы әлі де толық зерттелмеген.

«Мен 156 салтты дереккөздермен дәлелдеп мақала жаздым. Оның ішінде 52 салт "Салттар әлеміне саяхат" жинағында жарық көрді. Бірақ қазіргі жастар үш-төрт қана салтты біледі. Бұл – үлкендердің кінәсі. Жастарға үлгі көрсетуіміз керек», - дейді маман. 

Қазақтың мәдени қазынасын сақтау үшін оны ұрпаққа жүйелі түрде жеткізу қажет. Бердалы ағамыздың пікірінше, бұл тек отбасындағы тәрбиемен шектелмей, мектеп бағдарламасында жеке пән ретінде оқытылуы тиіс.

«Білімнен бұрын тәрбие керек. Ал тәрбие – салт пен дәстүрден басталады», – дейді ол.

Ғалымның айтуынша, жастардың көпшілігі салт-дәстүрден жұрдай. Ал шын мәнінде, қазақта жүзден астам салт-дәстүр бар. Егер олар арнайы пән ретінде оқытылса, балалар сәлемдесудің, үлкенді сыйлаудың мәнін терең түсінер еді. Дәстүрлердің шығу төркіні мен мән-мағынасы ұрпақ санасына орнығар еді. Қазақы болмыс тек кітапта емес, күнделікті өмірде де сақталар еді.

Бұл ұсыныс – ұлттық тәрбиенің негізгі діңгегін мектеп қабырғасынан бастауға шақыратын маңызды қадам.

«Битлзды» қазақша сөйлеткен

Бердалы ағамыз тек ғалым емес, өнер адамы. Ол Шымкенттегі алғашқы балалар сурет мектебінің түлегі. Музыкаға әуестігі оны ағылшынның атақты The Beatles тобына жетелеген.

1994 жылы «Музей» ансамблімен Ливерпульдегі халықаралық фестивальге қатысып, Қазақстан атын әлемдік музыкалық картаға енгізген.

«Фестиваль ұйымдастырушылары біздің Президентке хат жолдады. Хатта: «Сіздің еліңіздің ансамблі Қазақстанды әлемдік музыка картасына енгізді. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш болды» деп жазылған», - деп бөлісті ол. 

Кейіннен ол «Битлздың» әндерін қазақшаға аударып, шығармаларын ұлттық реңкте қайта орындады. Осы еңбегі үшін оның есімі Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілген.

Жастарға үлкендер – үлгі

Әңгіме соңында Бердалы Оспан жастарға да, үлкендерге де арнаған тілегін жеткізді.

«Жастарды кінәлай бермейік. Үлкендер үлгі көрсетсін, жастар солардан үйренеді. Қазақ болу – тек тілде емес, киімде, қарым-қатынаста, салт-дәстүрде. Бүгінгі бала - ертеңгі Қазақстан. Сондықтан әрқайсымыз қазақ екенімізді ұмытпайық», - деген жылы тілегін білдірді мәдениеттанушы.

Бердалы ағамыздың ойынша, қазақ мәдениеті  ұлттың болашағының кепілі. «Армысыз» деп амандасудан бастап, есімдер тарихын тану, салт-дәстүрді сақтау, өнерді дамыту – бәрі де ұлттық болмысты нығайтады.

Барлық жаңалық