Атырау облысындағы отбасы өлімі: күдікті ретінде қарастырылып жатқан қыз психиатриялық сараптамаға жіберілді
Атырау облысында төрт адам қаза тапқан қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде қарастырылып отырған отбасының кіші қызы медициналық ұйымға жіберілді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, әңгіме Ақбаян Мұқанғалиева туралы болып отыр. Қазіргі уақытта оның қылмысқа ықтимал қатысы құқық қорғау органдары тарапынан тексеріліп жатыр. Ол сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін арнайы медициналық мекемеге орналастырылған.
Тергеу деректеріне сәйкес, төрт адамның қаза табуына ұзақ уақытқа созылған тұрмыстық жанжалдар себеп болуы мүмкін.
Қылмыстық іс «екі немесе одан да көп адамды өлтіру» бабы бойынша тергеліп жатыр. Іс тергеуі министрлік бақылауына алынған.
Марқұмдардың туыстарының айтуынша, Ақбаян қазір Атырау қаласындағы психиатриялық мекемеде жатыр.
«Біз оның психиатриялық есепте тұрған-тұрмағанын білмейміз. Бірақ қайын енесінің айтуынша, қазір ол Атыраудағы психиатриялық мекемеде», – деді отбасының туыстарының бірі.