«Қазақмыс» Шатыркөл-Жайсаң кластеріндегі кәсіпорындарды өз басқаруына алады
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі Жамбыл облысындағы Шатыркөл-Жайсаң кластерінің өндірістік нысандарына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында ол «Жайсаң» және «Шатыркөл» кеніштерінің жұмысымен танысып, Шатыркөл байыту фабрикасын аралады. Сонымен қатар компания басшысы вахталық кенттегі жұмысшылардың тұрмыс жағдайын қарап, тамақтандыру жүйесінің ұйымдастырылуын тексерді деп жазды ozgeris.info сайты.
Қазіргі уақытта Шатыркөл-Жайсаң кластеріне «Шатыркөл» кеніші мен Шатыркөл байыту фабрикасы кіреді. Бұл нысандар өңір экономикасында маңызды рөл атқарып отырған компанияның негізгі өндірістік алаңдарының бірі саналады.
Жұмыс сапары кезінде Шатыркөл байыту фабрикасының алдағы қызметіне ерекше назар аударылды. Мердігер ұйыммен жасалған келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты кәсіпорынды әрі қарай басқару тікелей «Қазақмыс» корпорациясының қарауына өтеді.
Компания фабрика жабдықтарын пайдалану мен өндірістік қызметті қамтамасыз етуге тартылған мамандарды жұмысқа қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.
Қызметкерлерді қабылдау барысында олардың еңбек жағдайлары бұрынғы деңгейде сақталады. Жалақы мөлшері, өтемақылар мен ынталандыру төлемдері, вахталық жұмыс тәртібі, тұрмыстық жағдай мен тамақтандыру талаптары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында қарастырылған барлық әлеуметтік кепілдіктер толық қамтамасыз етіледі.
«Қазір Шатыркөл фабрикасында еңбек етіп жүрген кәсіби ұжымды сақтау біз үшін аса маңызды. Бұл мамандар кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін тәжірибелі кадрлар. Біз оларды жалақы деңгейін, әлеуметтік кепілдіктерді және жұмыс жағдайын сақтай отырып штатқа қабылдауға дайынбыз. Басты мақсатымыз – өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, кадрлық әлеуетті сақтай отырып Шатыркөл-Жайсаң кластерінің тұрақты дамуын жалғастыру», – деді «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі.
Қызметкерлерді жұмысқа қабылдау Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жеке тәртіппен жүзеге асырылады.
Бұл шешім өндірістің тұрақты жұмысын сақтауға, кадрлық әлеуетті жоғалтпауға және кәсіпорындағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар ол Шатыркөл-Жайсаң кластеріндегі өндірістік үйлесімділікті күшейтіп, өнеркәсіптік қауіпсіздіктің бірыңғай стандартын енгізуге және технологиялық үдерістерді басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.