Қазақстанда алдағы жылдары баспана бағасы арзандай ма деген сұрақ көпшілікті алаңдатып жүр. Үкіметтегі баспасөз мәслихатында «Отбасы банк» басшысы Ләззат Ибрагимова бұл мәселе туралы пікір білдіріп, 2026-2027 жылдары тұрғын үй бағасы айтарлықтай төмендей қоймайтынын айтты, деп жазады Ozgeris.info.
Оның айтуынша, бұған ең алдымен демографиялық жағдай әсер етіп отыр. Қазір тұрғын үй нарығына 2000 жылдардан бастап туған жастар келе бастады. Мәселен, 2000 жылы Қазақстанда 222 мың бала дүниеге келген. Ал 2007 жылы бұл көрсеткіш 321 900 балаға жеткен. Яғни жеті жылдың ішінде жыл сайын туған балалар саны шамамен 15-20 мыңға көбейіп отырған.
Қазір сол буын есейіп, тұрғын үй нарығына белсенді қатыса бастады. 2000 жылы туған жастар бүгінде 25-26 жасқа келді. Бұл – әдетте отбасы құрып, баспана іздейтін кезең. Сондықтан нарықта тұрғын үйге деген сұраныс арта түседі.
Ләззат Ибрагимованың айтуынша, жыл сайын Қазақстанда шамамен 120-130 мың неке тіркеледі. Өткен жылы бұл көрсеткіш 114 мың болған.
«Жаңа отбасы құрған жастар бірден баспана іздейді. Үй қымбаттауы мүмкін емес. Бірақ арзандамайтыны анық», деді ол.
Банк басшысының сөзінше, екінші нарықта белгілі бір тоқырау – яғни бағаның қатты өзгермеуі байқалуы мүмкін. Ал жаңа үйлер нарығында жағдай басқаша болады. Себебі олардың бағасы құрылыс материалдарының құнына, шикізатқа және құрылыс саласында жұмыс істейтін адамдардың жалақысына байланысты.
Сонымен қатар демографиялық өсім де тұрғын үй бағасына әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Сондықтан мамандардың пікірінше, алдағы жылдары баспана бағасының күрт төмендеуі екіталай.