💰 Экономика

Базалық мөлшерлеме бағаға қалай әсер етеді?

Базалық мөлшерлеме бағаға қалай әсер етеді?

Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 18,0% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 12,3% болды. Бұл көрсеткіш Ұлттық Банктің бұрын жасаған болжамына сәйкес келді, деп жазады Ozgeris.info.

Бағаның өсуіне көбіне азық-түлік бағасы себеп болды. Азық-түлік инфляциясы 13,5% деңгейінде қалыптасты. Оның ішінде ет пен май бағасының қымбаттауы ерекше байқалды. Бұл өндіріс шығындарының өсуімен және экспорттық жеткізілімдердің артуымен байланысты.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша инфляция соңғы айларда біршама төмендеді. Оның деңгейі 11,1% болды. Бұған айырбастау бағамының нығаюы әсер етті. Ал ақылы қызметтер бағасының өсу қарқыны баяулады. Реттелетін тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифтерінің әкімшілік шаралар арқылы төмендеуі нәтижесінде бұл көрсеткіш 12,0%-ға дейін түсті.

2025 жылғы желтоқсанда айлық инфляция 0,9% болды. Бұл инфляциялық қысымның әлі де сақталып отырғанын көрсетеді. Базалық инфляция 0,8% деңгейінде қалып, жоғары күйінде қалды.

Ұлттық Банктің бағалауынша, инфляцияның негізгі себебі – ішкі сұраныстың жоғары болуы. Сұраныс ұсыныс мүмкіндігінен асып түсіп отыр. Сонымен қатар тарифтік реформаның және жанар-жағармай нарығын ырықтандырудың қайталама әсері халықтың күтулеріне және бағаға ықпал етті.

Халықтың алдағы 1 жылға инфляциялық күтулері өсіп, 14,7% болды. Бұл көрсеткіштің құбылмалы болуы инфляцияға қатысты сенімнің әлі толық орнықпағанын көрсетеді. Ал нарықтағы кәсіби қатысушылардың 2026 жылға арналған инфляциялық күтулері 10,8%-ға дейін көтерілді.

Әлемдік нарықта азық-түлік бағасы соңғы айларда төмендегенімен, әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Дәнді дақылдар мен қант бағасы өсу қалпында. Ресей Федерациясында инфляция қатаң ақша-кредит шарттарының арқасында бәсеңдеді. Еуропалық Одақта инфляция тұрақты түрде төмендеп келеді. АҚШ-та Федералдық резерв жүйесі сауда саясатына байланысты инфляциялық тәуекелдердің өскенін атап өтіп, мөлшерлемені біртіндеп төмендетуді жалғастырып отыр. Бұл арада геосаяси шиеленістің күшеюі де белгісіздікті арттырып отыр.

2025 жылы Қазақстан экономикасы жылдық есеппен 6,5% өсім көрсетті. Жоғары қарқын көлік саласында, құрылыста, саудада, сондай-ақ тау-кен өндірісі мен өңдеу өнеркәсібінде сақталды.

Проинфляциялық тәуекелдер негізінен ішкі факторларға байланысты. Олардың қатарында сұраныстың ұсыныстан асып түсуі, реттелетін бағалардың өсуі және жанар-жағармай бағасының ұзақ мерзімді қайталама әсері бар. Сонымен бірге жоспарланып отырған ауқымды квазифискалдық ынталандырудың форматы мен параметрлері қосымша белгісіздік туғызуда. Бұл республикалық бюджетті шоғырландыру кезіндегі дезинфляциялық әсерді әлсіретуі мүмкін.

Тәуекелдер қосылған құн салығы мөлшерлемесін көтеруді және салық төлеушілер қатарын кеңейтуді көздейтін салық реформасын іске асырумен де байланысты. Бұған қоса, алдағы тоқсандарда бизнестің жаңа талаптарға бейімделу кезеңі де ықпал етуі мүмкін. Инфляцияның баяулауына бірқатар фактор әсер етіп отыр. Олардың ішінде қатаң ақша-кредит шарттары, кепілсіз тұтынушылық кредиттеудің баяулауы бар. 2025 жылғы 11 айда мұндай кредит берудің өсуі 7,3% болды. Сонымен қатар ең төменгі резервтік талаптарды арттыру арқылы артық өтімділікті қысқарту, алтын сатып алуды «айналау» операциялары және теңге бағамының нығаюы да дезинфляциялық әсер беріп отыр.

Ақша-кредит саясатына қатысты Ұлттық Банк инфляциялық үдерістердің серпіні мен тәуекелдер теңгерімі өз болжамына сай қалыптасып отырғанын атап өтті. Алайда сыртқы сын-қатерлер, салық жүйесіндегі өзгерістердің нақты әсеріне қатысты белгісіздік, сондай-ақ 2026 жылғы 2 тоқсаннан бастап тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифтері мен жанар-жағармай бағасының қайта өсуі базалық мөлшерлеме бойынша сақтықты талап етеді.

Осы себепті Ұлттық Банк базалық мөлшерлеменің 2026 жылғы 1 жартыжылдығының соңына дейін қазіргі деңгейде сақталу ықтималдығы жоғары екенін мәлімдеді.

Ұлттық Банк алдағы уақытта баға динамикасын тұрақты бақылауды жалғастырады. Сонымен қатар 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасының, сондай-ақ инфляцияны төмендету бойынша қабылданған шаралардың тиімділігі бағалана береді.

«Экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күштерінің рөлі сақталып отыр. Жалпы ішкі өнімнің динамикасына көлік, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі және сауда көп үлес қосып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде оң динамика байқалады. Ішкі сұраныс тұрақты болып қалды. Оған бөлшек сауда динамикасы мен қызметтерге сұраныстың өсуі әсер етті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бөлшек сауда айналымы нақты мәнде 7,5%-ке артты. Сонымен қатар, желтоқсан айында азық-түлікке жатпайтын тауарларды сату қарқыны жеделдегенін сездік. Бұл сол кезде күтілген салық жүйесіндегі өзгерістермен байланысты деп түсінеміз. Табыс және кредиттеу динамикасы уақытша ықпал етіп, инфляция қарқыны табыс көлеміне қысым жасап отыр. Сонымен қатар, кепілсіз тұтынушылық несиелеудің баяулағаны байқалады. Бұл, сөзсіз, оң құбылыс. 2025 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша кредиттеу көлемінің өсімі айтарлықтай азайып, жыл басындағы көрсеткіштермен салыстырғанда, 7,3 пайызды құрады», деді бас банк басшысы Тимур Сүлейменов.

Инвестициялық белсенділік жоғары деңгейде қалды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар нақты мәнде 13%-ке өссе, шикізатқа жатпайтын сектордағы жеке инвестициялар 19,1%-ке дейін артты. Сыртқы ортада инфляциялық қысымның әлсіреуі байқалды. Ол әлемдегі азық-түлік нарықтарындағы конъюнктураның жақсаруына байланысты.  Азық-түліктің әлемдік бағасы әлі де жоғары деңгейде. Сиыр етінің бағасы әлемде екі мәнді қарқынмен өсіп келеді. Дәнді дақылдар бағасы екі ай бойы көтеріліп тұр. Ал, бидай бағасының шарықтауы Қара теңіз аймағындағы кедергілерге байланысты.

«Инфляция ірі сауда-серіктесіміз Ресейде қатаң ақша-кредит шарттарының сақталуынан баяулап келеді. Ол ішкі сұранысты шектеп, бағаның өсуін тоқтатуға әсер етеді. Еуроодақта инфляция қазірдің өзінде Еуропа орталық банкінің бағасы бойынша ортамерзімді перспективада нысаналы деңгейге жақын қалыптасуға тиіс. АҚШ-та Федералды резервтік жүйе 2025 жылы жұмыспен қамту тәуекелдерінің басым болуына байланысты пайыздық мөлшерлемені біртіндеп төмендете бастады. Ал реттеуші болса, сақтық шарасын сақтап отыр. АҚШ пен Еуропа арасындағы сауда қарым-қатынасында жоғары геосаяси тәуекелдер сақталып отыр. Шиеленістің өсуі әлемдік сауда-саттық пен экономиканың бөлшектену процесіне жеткізуі мүмкін. Бұл бірте-бірте халықаралық экономикалық байланыстардың тұрақтылығын бұзып, сыртқы инфляциялық жағдайдың нашарлауына алып келуі мүмкін. АҚШ пен Еуропа арасындағы қарым-қатынас шиеленіске жететін болса, әлемдегі экономикалық белсенділік баяулауы мүмкін. Соның ішінде шикізат тауарларына, әсіресе, мұнайға сұраныс төмендеп, жалпы энергия көздерінің бағасына әсер етуі мүмкін», деп түсіндірді бас банк төрағасы.

 

Барлық жаңалық