📰 Сарапшылар пікірі

Банктер Тоқаевқа неге қарсы шығып отыр?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында банктердің экономикалық белсенділікке үлес қоспай отырғанын ашық сынға алды. Мемлекет басшысы жаңа инвестициялық цикл бастау үшін «банктердің бос жатқан өтімділігін экономикалық айналымға қосудың тиімді құралдарын жедел табу қажет» деп тапсырды. Бірақ тапсырма берілгелі айлар өтті. Ал банктер қозғалған жоқ, деп жазады Ozgeris.info.

 Әлемдік өлшем – біздің әлсіздік

Дүниежүзілік банктің зерттеуіне сүйенсек, Қазақстан банктік кредит көлемі бойынша табысы ортадан төмен елдердің деңгейінде қалып отыр. Қытайда жеке секторға берілген несие ішкі жалпы өнімнің 161%-на тең, Малайзияда – 120%, Таиландта – 116%. Ал Қазақстан небәрі 25%-дық көрсеткішпен 178 елдің ішінде 116-орында. Бұл көрсеткіш жай ғана статистика емес, тұтас жүйенің әлсіздігі мен сенімнің жоқтығын айқындайтын айна. Бізде ақшаның көлемі емес, оның қозғалысы әлсіреген. Банктер тәуекелге бармайды, ал бизнес банктерге сенбейді. Нәтижесінде – экономикада тоқырау.

Экономист Жарас Ахметовтың пайымдауынша, банк жүйесінің эволюциясы елдің экономикалық тарихымен тығыз байланысты. Ол бұл процесті төрт кезеңге бөліп қарастырады.

«Бірінші кезеңде трансформациялық реформалар мен экономикалық құлдырау қатар жүрді. Кеңестік жүйе күйреп, нарықтық қатынастарға бейімделу басталған шақта банктердің несие беру мүмкіндігі шектелді. Капитал тапшылығы, төлем қабілетсіз кәсіпорындар, қаржы тәртібінің әлсіздігі бәрі қосылып, экономикадағы несие үлесі ІЖӨ-нің бар болғаны 5%-на дейін төмендеді. Бұл сенім мен жүйенің толық жойылған кезеңі еді», дейді сарапшы.

Екінші кезең – қайта тірілу дәуірі.

«1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында экономика қалпына келе бастады. Банктер халықаралық тәжірибеге жақындап, несие беру жүйесін жаңартты. Сол тұста экономикалық өсімнің басты қозғаушы күші – банктік несие болды. Шарықтау шегінде ол ІЖӨ-нің 59%-на жетті. Бұл сенім мен серпіннің кезеңі еді», дейді экономист.

Алайда үшінші кезең бәрін төңкеріп тастады.

«Жаһандық қаржы дағдарысынан кейінгі жылдары банк жүйесі өз ішкі қателіктерінің құрбанына айналды. Көптеген сапасыз, қайтарылмайтын қарыздар берілді. Сол себепті жүйе ұзақ уақыт бойы өз-өзін сауықтырумен болды. Қаржы айналымы қысқарды, тәуекелден қорқу мәдениеті қалыптасты. Нәтижесінде жеке секторға берілген несие ІЖӨ-нің 21%-на дейін төмендеді», дейді Жарас Ахметов.

Экономистің айтуынша, сол қорқыныш бүгінге дейін банктердің бойынан кетпей отыр.

«Төртінші кезең – Жаңа Қазақстан бастамаларымен тұспа-тұс келді. Реформалар жүріп жатыр, экономика әртараптануда. Бірақ банктердің кредиттік белсенділігі баяу. Олар әлі де сақтық инерциясымен өмір сүруде. Қазіргі көрсеткіш небәрі 25% шамасында. Бұл экономиканы алға сүйрей алмайтын деңгей», дейді сарапшы.

 Қазір біз «қорқыныш экономикасы» жағдайында өмір сүріп отырмыз. Банктер тәуекелден, бизнес банкроттан, мемлекет баяулықтан қорқады. Бірақ қорқыныштан туған шешім даму емес, тоқырау. Кәсіпкер мен инвестор жаңа өнім шығаруға дайын, бірақ несие ала алмайды. Банктер болса, тұтынушылық несиелерге сүйеніп, қысқа мерзімді пайдаға қанағат етеді. Ал ел экономикасы ұзақ мерзімді қаржыландырусыз бір орында қалып барады.

Мемлекет қанша реформаны қолға алса да, егер банк жүйесі қозғалыссыз отырса, экономика толыққанды жандана алмайды.

Қалай қыламыз?

Демек ақша бар, бірақ ол айналымда жүрген жоқ. Банктер өз бетінше жұмыс істеп, нақты секторды ұмытып барады. Мемлекет жаңа өндіріс пен инновацияға жол ашуға тырысып жатыр, ал банк жүйесі табысты қауіпсіз аймақтан іздеуді жалғастырып келеді.

Экономист Бауыржан Ысқақ бұл құбылыстың түп себебін былай түсіндіреді.

«Басты себеп базалық мөлшерлеменің жоғары деңгейде болуы. Қазір ол 16,5 пайыз деңгейінде. Мұндай жағдайда банктерге мемлекет шығарған бағалы қағаздарды сатып алу әлдеқайда тиімді. Өйткені тәуекелі аз, табысы тұрақты. Ал зауыттарға немесе өндірістік жобаларға несие берудің тәуекелі көп, қайтарымы да белгісіз», дейді сарапшы.

Мұндай жағдайда банктер нақты экономикадан алыстап барады. Өндіріс жобалары мен ауыл шаруашылығы саласы қаржылай қолдаусыз қалуда. Ал банктер үшін тұтынушылық несие оңай табыс көзіне айналды. Халыққа қарыз беру жылдам, құжаты аз, пайызы жоғары. Бірақ бұл елдің өндірістік әлеуетін арттырмайды. Қаржы айналымы қысқа мерзімді табыспен шектеліп, ұзақ мерзімді даму тоқтап тұр.

Бауыржан Ысқақтың пікірінше, жағдайды түзеу үшін мемлекет пен банк жүйесі арасындағы жауапкершілікті қайта бөлу қажет.

«Мемлекет тәуекелді бірге бөлісуі керек. Даму қоры арқылы кепілдік беру соның бір жолы. Егер кәсіпорын несиесін қайтара алмаса, қарыздың бір бөлігін мемлекет өтейді. Бұл банктерді батылырақ шешім қабылдауға итермелейді. Сонымен қатар ұзақ мерзімді және арзан қаржы көзін ашу маңызды. Ұлттық банк немесе даму институттары арқылы ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласына жеңілдетілген несие желісін ашу қажет», дейді экономист.

Сарапшының айтуынша, банк жүйесін теңгеру үшін құрылымдық өзгерістер қажет.

«Халыққа кредит беруді азайтып, соның есебінен бизнеске несие беруді ынталандыру керек. Кепілді өндіріп алу мен банкроттық процедураларын жеңілдету маңызды. Егер заң тиімді болса, банктер тәуекелден қорықпайды. Елге шетелдік банктердің келуін жеңілдету қажет. Олар келгенде пайыздық мөлшерлеме төмендеп, отандық банктер де нақты секторға көбірек несие беруге мәжбүр болады», дейді Бауыржан Ысқақ.

 Мәселенің тамыры тереңде...

Банктердің нақты сектордан бойын аулақ салуы тек қаржылық себептерге байланысты емес. Тереңде институционалдық осалдықтар жатыр. Экономист Жарас Ахметовтің пайымдауынша, қаржы айналымының баяулауына экономикалық емес, жүйелік факторлар ықпал етуде.

«Мәселе мұнымен шектелмейді. Бұл түйіннің экономикалық фактордан тыс, институционалдық кемшіліктері де бар. Солардың ішіндегі ең маңыздыларының бірі заңның үстемдігі. V-Dem институты есептейтін заң үстемдігі индексі заңдардың қаншалықты әділ, ашық, болжамды, тәуелсіз әрі бірдей қолданылатынын көрсетеді. Егер заңдар әділ орындалмаса, мемлекеттік қызметшілердің әрекеті заңға сай болмаса, банктерге қосымша тәуекелдер пайда болады. Мұндай жағдайда банктер ұзақ мерзімді несие беруге құлықты болмайды, себебі болашақтағы белгісіздіктің бағасы тым жоғары», дейді экономист.

Жүйе сенімге емес, сақтыққа сүйеніп жұмыс істейді. Заңның үстемдігі әлсіреген сайын, банктердің тәуекелге бару мүмкіндігі азая түседі. Жарас Ахметовтің сөзіне қарағанда, бұл үдеріс тек Қазақстанға тән емес, бірақ біздің жағдайда оның әсері терең сезіледі.

«Дүниежүзі бойынша заң үстемдігі индексі мен банктік кредит көлемінің арасында жоғары байланыс бар, корреляция коэффициенті 0,776-ға тең. Еліміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ғана әлемдік орташа деңгейге жақындай алды. Кейін заң үстемдігі әлсірей түсті. Бұл үрдіс 2018 жылға дейін жалғасты. Сосын қайтадан орташа көрсеткішке жақындай бастады. Тағы ірі фактор жеке биліктің шоғырлануы. Қаншалықты билік тар шеңберде шоғырланса, соншалықты нарықтық институттар әлсірейді. Бәсекелестік бұзылады, экономикалық қатынастарға әкімшілік ықпал күшейеді. Нәтижесінде банктер үшін ұзақ мерзімді кредит берудің тәуекелі артады. Бұл фактордың да банктік несие көлеміне ықпалы зор», дейді сарапшы.

Әлемдік көрсеткіштер де осыны айғақтайды. Жеке биліктің шоғырлануы мен банктік несиелеу арасындағы өзара байланыс коэффициенті 0,803-ке жеткен. Ал заң үстемдігі индексі мен жеке билік индексінің арасындағы тәуелділік кері бағытта дамыған, көрсеткіш минус 0,96 деңгейінде. Демек, билік шоғырланған сайын, әділдік пен ашықтық әлсірейді. Бұл өз кезегінде экономиканың сенімге негізделген іргетасын шайқалтады.

 
Ақша бар, бірақ қозғалыс жоқ

Кейінгі онжылдықта банк жүйесінің экономикадағы рөлі әлсіреді. Бұрын банктердің үлесі жалпы инвестиция көлемінің үштен біріне жуық еді, қазір ол он пайыз шамасында ғана. Бұл жай статистика емес, экономиканың жүрегінен қан кетіп жатқанын білдіретін белгі.

Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева осы жағдайды нақты мысалмен түсіндірді.

«2024 жылы ел бойынша негізгі капиталға 19,4 триллион теңге инвестиция салынған. Оның басым бөлігі, яғни 64 пайызы жеке инвесторлардың қаржысы. 21 пайыз шамасында қаражатты мемлекет бөлген. Ал қарызға алынған қаражаттың үлесі небәрі 10 пайыз болды. Соның ішінде банктердің бергені бар болғаны 3,8 пайыз ғана, яғни 741 миллиард теңге», деді ол Мәжілістегі жиында.

Мұндай көрсеткіш елдегі банктердің экономикалық белсенділігін айқын көрсетеді. Банктер шынайы өндіріс пен ұзақ мерзімді инвестициядан бас тартып, қысқа мерзімді операциялар мен тұтынушылық несиелерге сүйеніп отыр.

Экономист Айбар Олжай бұл құбылыстың себебін нақты атады.

«Банктердің балансында артық өтімділік бар, яғни экономикаға бағытталмай тұрған ақша көлемі көп. Мысалы 1 триллион теңгеден астам қаражат, шамамен 2 миллиард доллар банктердің өз шоттарында жатыр. Бұл қаражат банктердің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп отыр. Бірақ олар көбіне тек азаматтарға тұтынушылық кредит беруге ғана қолданып отыр. Бұл еліміздегі халық несие алып, тұтынуын арттырып жатыр, ал керісінше, экономика жобалар арқылы ақша таба алмай, бюджеттен қарыз алуға мәжбүр. Осындай жағдайда банктердің бір триллион теңгеден астам бос жатуы, экономикалық тұрғыдан алғанда орынсыз. Банктер бизнес ретінде қарайды. Азаматтарға кепілсіз жедел кредит берген анағұрлым тиімді. Себебі олар тұтынушылық кредиттен жоғары пайда табады», дейді сарапшы.

Айбар Олжайдың пікірінше, қазіргі жағдай тұйық шеңберге айналған. Мемлекет банктерден белсенділікті талап етеді, ал банктер мемлекеттен қосымша ынталандыру күтеді.

«Банктердің табысына салынатын салық 25 пайызға көтерілді. Ал осының ішінен қай табыс экономикаға, жобаларға кредит ретінде берілді, сол табыстың 25 пайызы немесе одан аз мөлшері төленетіндей белгілі бір механизмдер қарастырылған. Егер банктер экономикаға ақша бағыттаса, оларға салықтық жеңілдіктер берілетін тәсіл енгізілмек. Бұл банктерді ынталандыра ала ма, жоқ па оны 2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексі аясында көреміз», деді ол.

 

 

 

 

Барлық жаңалық