Қоғам

Астанадағы 3 баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Астанадағы 3 баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Елорданың Есіл ауданында көпқабатты тұрғын үйден түнде өрт шығып, салдарынан кәмелетке толмаған 3 бала қаза тапты, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.

Оқиға 12 сәуір күні Түркістан көшесіндегі 21 қабатты ғимараттың 15-қабатында орналасқан пәтерде болған. Құтқарушылар жалынды сөндіргеннен кейін іштен балалардың мәйітін тапты. Ал күйік жарақатын алған бір әйел ауруханаға жеткізілді. Оқиға кезінде төтенше жағдайлар қызметі жоғарғы қабаттардан 20 адамды эвакуациялап, тағы 40 шақты тұрғын ғимараттан өз еркімен шыққан.

Астана қалалық полиция департаменті бұл жағдай бойынша тергеу бастағанын мәлімдеді.

«Қаза тапқан балалардың денелері табылған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, барлық оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция департаменті.

Тергеу аяқталғаннан кейін оқиғаға нақты құқықтық баға беріледі.

Барлық жаңалық