Астанада пәтерден өрт шығып, үш баласынан айырылған әйел есін жиды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Түркістан көшесіндегі 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатында 12 сәуір түні өрт болды. Құтқарушылар оқиға орнынан 39 жастағы әйелді ғана аман алып қалды, ал оның 2 мен 13 жас аралығындағы үш баласы көз жұмды.
Зардап шеккен келіншек жеті күннен бері елордадағы №1 қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Ол есін жиғанымен, жағдайы әлі де ауыр.
"Науқастың жағдайы күйікке, тыныс алу жолдарының зақымдануына және улануға байланысты ауыр болып тұр. Қазір ол есін біледі, айтқанды ұғады. Дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етіп жатырмыз. Өкпені жасанды желдету аппаратымен демалады. Жүрек соғысы мен қан қысымы тұрақты", – деді травматолог дәрігер Марат Сабиров КТК телеарнасына.
Қазіргі уақытта науқастың психологиялық жағдайы туралы нақты ақпарат жоқ.