Жаңалықтар

Астана тұрғынының үйін рұқсатсыз бұзған

Астана тұрғынының үйін рұқсатсыз бұзған

2024 жылғы 9 шілдеде Астанадағы «Садовод-3» саяжайында көпшілікті шошытқан жағдай орын алды. Заңгер Жәнібек Башанов Facebook парақшасында «Best Stroy» құрылыс компаниясының әрекетін заңға қайшы деп бағалап, қоғамнан қолдау сұрады деп хабарлайды ozgeris.info сайты politico.kz сайтына сілтемемен.

 

Оның айтуынша, Нәжімеденов пен Әзірбаев көшелерінің қиылысындағы Мичурин көшесі, 2-үйде тұратын Асқар Байсеркеев пен Гүлмира Тілеубаеваға тиесілі баспана сот шешімінсіз бұзыла бастаған. Ең алаңдатарлығы – оқиға кезінде үйдің ішінде тек екі кішкентай бала ғана болған. Үйдің шатыры сөгілген сәтте балалардың қандай күйге түскені жайлы ойлаудың өзі ауыр.

 

Башановтың мәлімдеуінше, бұл отбасы мен құрылыс компаниясы арасында сот процесі жүріп жатыр, бірақ ол әлі аяқталмаған. Яғни, ешбір заңды шешім шықпағанына қарамастан, компания жұмысшылары үйді бұза бастаған.

 

Сонымен қатар, дәл сол күні отбасыға 10 шілдеге дейін үйден мәжбүрлеп көшу туралы ескерту табысталған. Заңгер бұл жағдайды «қарапайым отбасын жаншу үшін алдын ала жоспарланған әрекет» деп сипаттады.

 

«Сот шешімі шықпай жатып, адамдарды үйінен қуып, артынша баспананы толықтай жою – бұл барып тұрған бассыздық. Бүгін бұл үйге келсе, ертең кез келгеніміздің есігімізде бульдозер тұруы мүмкін. Мұндай әрекетке жол беруге болмайды», – деп мәлімдеді Башанов.

 

Ол азаматтарды, журналистер мен блогерлерді бұл мәселеге бей-жай қарамай, белсенділік танытуға шақырды.

Барлық жаңалық