Қазақстан футболында соңғы уақытта көзге түскен бір жақсы үрдіс бар. Жас футболшыларымыз енді тек ел чемпионатында ойнап қана қоймай, Еуропаның және Түркияның мықты академияларына барып, сол жерде өздерін көрсетуге мүмкіндік алып жүр.
Бұл қатарда Дастан Сәтпаевтың орны ерекше. «Қайрат» академиясының түлегі биыл Англияның «Бернли» командасына ауысып, Чемпионшипте дебют жасады. 18 жастағы футболшы 23 тамызда «Вест Бромвичке» қарсы кездесуде екінші таймда алаңға шықты. Бірақ Сәтпаевтың жолы жалғыз мысал емес.
16 жастағы Чингиз Аликеев «Бенфика» академиясының U-17 командасында ойнап жүр. Қазақстандық жас футболшы «Насьоналға» қарсы 5:1 есебімен аяқталған кездесуде 58 минут алаңда болып, нәтижелі шабуылға ат салысты. Бұл — қазақ футболшысы үшін Португалия секілді футбол мектебі мықты елде тәжірибе жинаудың өзі үлкен мүмкіндік.
Ал Аламгир Смаков Түркияның «Бешикташ» U-19 командасына ауысып, алғашқы матчтарының өзінде гол соғып үлгерді. Бұған дейін ол «Кайрат Жастар» сапында Қазақстан Бірінші лигасында 7 матч өткізіп, 4 гол және 1 нәтижелі пас тіркеген. Осының бәрі бір нәрсені көрсетеді: қазақ футболының жас ойыншыларына сырттан қызығушылық біртіндеп артып келеді.
«Қайраттың» академиясы нәтиже бере бастады ма?
Сәтпаев пен Смаковтың жолына қарасақ, «Қайрат» академиясының жұмысы туралы бөлек айтуға болады. Сәтпаев бірнеше жыл бойы осы академияда тәрбиеленіп, кейін негізгі командаға дейін жетті. 2026 жылғы Қазақстан Премьер-лигасында ол «Қайрат» сапында 15 матч өткізіп, 7 гол соғып, 2 нәтижелі пас берген. Ең маңыздысы — бұл ойыншылардың академиядан шыққаннан кейін бірден шетелге кетуі емес. Олар алдымен Қазақстан чемпионатында өздерін көрсетіп, содан кейін ғана сыртқы нарыққа шықты. Бұл футболдағы қалыпты жол.
Қазақстандық футболшыларға сұраныс арта ма?
Мұнда асығыс қорытынды жасауға болмайды. Бір-екі футболшының шетелге кетуі Қазақстан футболын бірден жаңа деңгейге көтермейді. Бірақ бірнеше жас ойыншы қатарынан Еуропа мен Түркия нарығына шыға бастаса, бұл мүлде басқа жағдай. Себебі футболдағы трансфер нарығында бір ойыншының жетістігі келесі ойыншыларға жол ашады. Мысалы, Сәтпаевтың «Челсиге» ауысуы Қазақстандағы жас футболшылардың халықаралық деңгейде байқалуына мүмкіндік берді. Кейін оның «Бернли» сапында Чемпионшипте дебют жасауы бұл қызығушылықты одан әрі күшейтеді. Енді шетелдік клубтар Қазақстаннан ойыншы қарастырғанда: «Бұл елден футболшы шыға ма?» деген сұрақтан гөрі, «келесі Сәтпаев кім?» деген сұрақ қоюы маңызды. Міне, нағыз өзгеріс осы кезде басталады.
Қазақ футболының прайм эрасы басталды ма?
Негізі «прайм эрасы басталды» деп айтуға әлі ерте. Бірақ оның алғашқы белгілері анық байқалып тұр. Бұған дейін Қазақстан футболында талантты ойыншылар болды. Бірақ олардың көпшілігі шетелге ерте шығып, тұрақты деңгейде ойнай алмады немесе Еуропаның жоғары деңгейіне дейін жете алмады. Қазір жағдай біртіндеп өзгеріп келеді. Аталған футболшылардан бөлек Алдияр Нұрғали, Кәрім Меңдіханов, Бекболат Исмаил, Тұяқбаев, Орынбасар, Әмір, Латурнус сынды жас таланттар бар. Бұл ойыншылардың барлығы әртүрлі жолмен дамып жатыр. Бірақ олардың ортақ ерекшелігі — жастарының кіші болуы және футболдың бәсекесі жоғары ортаға ерте баруы. Егер олардың қатарына алдағы жылдары тағы бірнеше қазақстандық футболшы қосылса, біз «қазақ футболының жаңа буыны қалыптасты» деп нақты айта аламыз.
Ең бастысы — сан емес, сапа
Дегенмен бұл жерде бір нәрсені ұмытпау керек.Қазақстаннан шетелге 10-20 футболшының кетуі маңызды емес. Ең маңыздысы — сол футболшылардың қаншасы негізгі құрамда тұрақты ойнайды? Сәтпаевтың Чемпионшиптегі бірнеше минуты әлі үлкен жетістік емес. Аликеевтің «Бенфика» академиясындағы ойыны да кәсіби футболдағы соңғы нәтиже емес. Смаковтың «Бешикташтағы» голдары да оның үлкен футболға шыққанын білдірмейді. Бірақ олардың есігі ашылды. Енді ең қиын кезең басталады — сол есіктен өтіп, жоғары деңгейде тұрақтап қалу. Осыған қатысты спорт сарапшысы, журналист, комментатор Тұрар Ғабдрашитұлы қазақ футболындағы қазіргі үрдіске оң бағасын берді.
«Иә, қазақ футболының прайм дәуірінің басталуына шақ қалды деп ойлаймын.Қазір бізде бұрынғыдан өзгеше мүмкіндік пайда болды. Жас футболшыларымыздың Еуропаның мықты академияларына барып, сол жердегі жүйемен танысып, бәсекеге түсіп жатқаны — өте жақсы белгі. Дастан Сәтпаевтың Англиядағы Чемпионшипке шығуы, Чингиз Аликеевтің «Бенфика» академиясында ойнауы, Аламгир Смаковтың «Бешикташ» сапында гол соғуы — осының нақты мысалы. Бірақ таланттың болуы жеткіліксіз. Ең маңыздысы — сол талантты дұрыс бағыттап, ұстап қалатын мықты бапкерлердің болуы. Бізде бұған дейін де өте талантты футболшылар болды. Мысалы, Бақтияр Байтана мен Исламхан кезінде өз деңгейінде өте мықты ойыншылар болды. Бірақ олардың буыны топ-5 біріншіліктерге тұрақты түрде шығып кете алмады. Ұлттық құрама да белгілі бір деңгейден жоғары көтеріле алмады. Сондықтан қазіргі буынның қателігін қайталамауымыз керек. Қазір әр позицияда мықты футболшылар қалыптасып келе жатса, соларды одан әрі дамытатын, тактикалық тұрғыдан жетілдіретін мамандар қажет. Жас ойыншыны бір жерге жеткізіп қана қою емес, оны сол деңгейде ұстап қалу маңызды. Менің ойымша, қазіргі футболда ойыншының жеке шеберлігімен қатар, оның айналасындағы ортаның сапасы шешуші рөл атқарады. Бала 16-17 жасында «Бенфикаға» немесе басқа еуропалық академияға барса, ол жерде әлемдік футболдың ең озық әдістерін көреді. Сол тәжірибені кейін Қазақстанға әкелсе, оның пайдасы өте көп. Мысалы, Кәрім Меңдіханов «Барселонадан» тәжірибе жинап, Қазақстанға заманауи футболдың жаңа элементтерін алып келсе, бұл біз үшін үлкен жетістік емес пе? Бізге дәл осындай алмасу қажет. Біреуі ойыншы ретінде кетіп, тәжірибе жинайды, екіншісі бапкер ретінде шетелде білім алады, үшіншісі академиялық жүйені үйренеді. Сөйтіп, футболдың жалпы мәдениеті өзгереді. Сондықтан мен қазіргі кезеңді үлкен мүмкіндіктің бастауы деп санаймын. Бірақ «прайм дәуірі басталды» деп айту үшін әлі нәтиже керек. Жас футболшыларымыз Еуропада тұрақты ойнап, ұлттық құрамаға келгенде өз деңгейін көрсетіп, Қазақстанды үлкен турнирлерге шығаруы тиіс. Егер осы буын дұрыс бапталса, бір-екі емес, бірнеше ойыншы топ деңгейге жетсе, онда біз қазақ футболының жаңа дәуірі туралы нақты айта аламыз. Қазір соған алғышарт бар. Ең бастысы — осы мүмкіндікті жіберіп алмау», — деді Тұрар Ғабдрашитұлы.
Бұл Қазақстан футболына не береді?
Біріншіден, ұлттық құраманың болашағы өзгереді. Егер 18-20 жастағы футболшыларымыз Англия, Португалия, Түркия секілді елдерде тұрақты ойнай бастаса, ұлттық құраманың деңгейі де өсуі мүмкін. Екіншіден, қазақстандық футболшылардың трансферлік құны артады. Үшіншіден, жас футболшылардың өзіне мотивация пайда болады. Бұрын бала үшін негізгі мақсат «Қайраттың» немесе «Астананың» негізгі құрамына кіру болса, енді оның алдында «Бернли», «Бенфика», «Бешикташ» секілді клубтарға жол бар екенін көріп отыр. Төртіншіден, Қазақстандағы академиялардың маңызы артады. Сондықтан бүгінгі Сәтпаевтың жолы — тек бір футболшының жеке жетістігі емес.
Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, ол тұтас жүйенің өзгеруіне әсер етуі мүмкін. Қазақ футболының прайм дәуірі басталды деуге әлі ерте. Бірақ футболдағы жаңа буынның дауысы қазірдің өзінде естіліп тұр. Ендігі міндет — сол таланттарды жоғалтпай, дұрыс дамыту. Сәтпаев бір өзі бүкіл қазақ футболын өзгертпейді. Аликеев пен Смаков та өзгертпейді. Бірақ осындай ойыншылар он, жиырма, отыз болып көбейсе — онда Қазақстан футболының тарихында жаңа кезең басталады. Ал қазір сол кезеңнің алғашқы беттері жазылып жатқан сияқты.