Ақтөбеде “Wildberries” маркетплейсінің тауар беру бөлімінде істейтін бір топ қызметкер бағдарламалық жүйедегі ақауды пайдаланып, қомақты көлемде ұрлық жасаған. Бұл туралы ozgeris.info “Диапазон” басылымына сілтеме жасап хабарлады.
Тергеу деректеріне сүйенсек, 46 жастағы менеджер Ботагөз У. WB Point жүйесіндегі қателікті анықтаған. Жүйедегі кемшілік тапсырысты төлемсіз рәсімдеуге мүмкіндік берген. Ботагөз бұл айласын әріптесі Сергей К.-мен және таныс әйелмен бөлісіп, олар жоспарды бірге іске асырған.
Алаяқтар бірнеше ай бойы – 2024 жылдың тамызынан қарашасына дейін тауарды “клиентке берілген” дегенді сылтау қылып, ешқандай төлемсіз алып отырған. Олардың қолды қылған заттарының ішінде тұрмыстық химия, киім-кешек, аяқ киім, электроника, ыдыс-аяқ, құрал-саймандар және интимдік бұйымдар да бар.
Компанияның аналитикалық бөлімі тексеріс жүргізу барысында күмәнді операцияларды анықтап, істі құқық қорғау органдарына жолдаған. Нәтижесінде қылмыстық іс қозғалып, сотқа жетті.
Сот шешімі бойынша, Ботагөз У. мен Сергей К. кінәлі деп танылып, әрқайсысы 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Дегенмен амнистияға байланысты жазалары 4 жылдық орташа қауіпсіздік мекемесіне ауыстырылды. Ал үшінші қатысушы кінәсін жартылай мойындағандықтан, оған 3 жыл 4 ай жаза беріліп, үкімі бір жылға шегерілді. Себебі ол сот кезінде жүкті болған.
Wildberries өкілі келтірілген 29 миллион теңге шығын толықтай жеткізушілерге өтелгенін айтты. Бірақ тәркіленген тауарлардың басым бөлігі сатылымға жарамсыз күйде қалған.