Ақмола облысының Полиция департаменті Астана маңындағы Жібек жолы ауылында болған қылмысқа қатысты түсініктеме берді. Бұған дейін мессенджерлерде бір отбасының бірнеше мүшесі қатыгездікпен өлтірілгені туралы ақпарат тараған болатын деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Полиция мәліметінше, Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылында адам өлтіру фактісі бойынша күдікті жедел түрде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
«Адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында», – деп хабарлады ведомство.
Қазіргі уақытта қаза тапқандардың нақты саны анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты басқа мәліметтер жария етілмейді.
Оқиға орнында құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, қылмыс болған үй орналасқан көше қоршауға алынып, бөгде адамдардың кіруіне шектеу қойылған.