Ақмола облысында 14 жастағы қыздың өліміне байланысты қылмыстық іс ерекше бақылауға алынды деп хабарлайды Оzgeris.info сайты HALYQSTAN ға сілтемемен.
Полиция таратқан ақпаратқа сәйкес, жасөспірім алған пышақ жарақаттарының салдарынан көз жұмған. Қайғылы жағдай Целиноград ауданына қарасты Ынтымақ ауылында болған. Оқыс оқиғадан кейін бірден қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.
Құқық қорғау органдары күдіктінің жеке басын анықтап үлгерген. Қазір оны ұстауға бағытталған кешенді жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Тәртіп сақшыларының айтуынша, күдікті туралы барлық мәлімет алынды, ал оның қайда жасырынғаны анықталуда.
Облыстық полиция департаменті қылмысты ашу және мән-жайды толық анықтау үшін қажетті сараптамалар тағайындалғанын хабарлады. Тергеу барысында оқиғаның себебі, оқиғаға не түрткі болғаны және қылмыстың қалай жасалғаны жан-жақты зерттелетін болады.
Полиция басшылығы істің барысын өз бақылауына алып, кінәлі тұлға заң алдында жауап беретініне сендірді.