Шоу-бизнес

«Апай кемсіту емес»: Баян Алагөзованың сөзін филолог маман сынады

«Zamandas» подкастында продюсер Баян Алагөзова өзіне «апай» деп қаратылғанын ұнатпайтынын айтып, бұл атауды қабылдамайтынын мәлімдеген болатын. Осы пікір қоғамда қызу талқыланып, тіл мамандарының да назарын аударды деп жазады Оzgeris.info.

 

Аталған мәселеге қатысты кәсіби филолог, тіл зерттеушісі Арын Құнанбайұлы пікір білдіріп, «апай» сөзінің қазақ тіліндегі орны мен мағынасына арнайы тоқталды. Оның айтуынша, Баян Алагөзованың «не называй меня апай» деуі қазақ тіліндегі қаратпа жүйесін өзге тілдің өлшемімен бағалаудың көрінісі.

 

«Қазақ тілінде “апай” сөзі кемсіту немесе төмендету мағынасын білдірмейді. Керісінше, бұл ресми әрі мәдени қаратпа. Оқу орындарында “апай”, “ағай” деп сөйлеу сауатсыздықтың немесе төмен мәдениеттің белгісі емес», – дейді филолог.

 

Маманның түсіндіруінше, әр тілдің ресми қарым-қатынас қалыптастыруда өзіндік ерекшелігі бар. Кейбір тілдерде ресми стиль адамға есімі мен әкесінің аты арқылы қалыптасса, қазақ тілінде ресми және бейресми қатынас көбіне туыстық атауларға сүйенеді.

 

«Сондықтан қазақ тіліндегі қаратпа жүйесін басқа тілдік үлгіге бейімдеуге болмайды. Бұл – тілдің ішкі заңдылығы мен мәдени негізіне қайшы», – деп атап өтті Арын Құнанбайұлы.

 

Сондай-ақ тіл маманы соңғы жылдары қоғамда қаратпа сөздерге қатысты көзқарас жиі өзгеріп жатқанын айтты. Бұрын қалыпты әрі сыпайы саналған атауларға күмәнмен қарау үрдісі байқалуда. Алайда мұндай мәселелерде жеке талғамнан бұрын тілдің табиғаты мен ұлттық мәдениетті ескеру қажет екенін ескертті.

 

Филологтардың пікірінше, «апай», «ағай» секілді қаратпалар қазақ қоғамында сыйластық пен әдептің белгісі болып қала береді.

Барлық жаңалық