Қоғам

«Маңызды қадам»: Тоқаев Иранның көршілерге шабуылды тоқтату шешімін құптады

«Маңызды қадам»: Тоқаев Иранның көршілерге шабуылды тоқтату шешімін құптады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иран басшысы Масуд Пезешкианның көрші мемлекеттерге шабуыл жасаудан бас тарту туралы мәлімдемесін құптады, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.

Бұл туралы мемлекет басшысының кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Уақытша басқарушы кеңестің көрші елдерге шабуылдан бас тартқаны туралы шешімін жеткізген Иран Президенті Масуд Пезешкианның мәлімдемесін құптайды. Қазақстан Президенті мұны Таяу Шығыстағы шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған маңызды қадам деп санайды», – деп жазды ол.

Бұған дейін Иран президенті мемлекеттік телеарна арқылы жасаған үндеуінде зардап шеккен көршілес елдерден кешірім сұраған болатын. Ол Уақытша басқарушы кеңес егер Иранға бірінші болып тиіспесе, бұдан былай көрші мемлекеттерді нысанаға алмау туралы шешім қабылдағанын және кез келген түсініспеушілік тек дипломатиялық жолмен шешілуі тиіс екенін жеткізді.

«Шабуылға ұшыраған көрші елдерден кешірім сұрау қажет, біздің қарулы күштеріміз елдің аумақтық тұтастығын қорғау үшін өз өмірлерін қатерге тігіп, жерімізді абыроймен қорғауға әрдайым дайын. Біз көрші елдерге шабуыл жасауға ниетті емеспіз, олар біздің бауырларымыз, сондықтан аймақта бейбітшілік пен тыныштық орнату үшін олармен бірлесіп әрекет етуге тырысамыз», – деді Иран басшысы.

Барлық жаңалық