Спорт

«Анау қайда, мынау қайда?»: Қазақстан құрамасының қараша айындағы матчтарға арналған нақты құрамы белгілі болды

«Анау қайда, мынау қайда?»: Қазақстан құрамасының қараша айындағы матчтарға арналған нақты құрамы белгілі болды

Қазақстан футбол федерациясы 2026 жылғы қарашада өтетін УЕФА Ұлттар лигасының матчтарына шақырылған ұлттық құрама ойыншыларының нақты тізімін ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Ozgeris.info

Бас бапкер Джон ван ’т Схип Молдова және Словакия құрамаларына қарсы кездесулерге 27 футболшыны шақырды. Алайда тізім жарияланғаннан кейін жанкүйерлер арасында қызу талқылау басталды. Әсіресе Дастан Сатпаев пен Темірлан Анарбековтің құрамға енбеуі көпшіліктің назарын аударды.

Құраманың толық тізімі:

Қақпашылар: Бекхан Шайзада («Ордабасы»), Александр Заруцкий («Ақтөбе»), Стас Покатилов («Сабах», Әзербайжан).

Қорғаушылар: Әлібек Қасым, Ян Вороговский (екеуі де – «Астана»), Арсен Әшірбек, Әділбек Жұмаханов (екеуі де – «Елімай»), Сергей Малый («Ордабасы»), Владислав Васильев («Оқжетпес»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Александр Мрынский («Қайрат»), Наурызбек Жагоров («Тобыл»), Темірлан Ерланов («Ақтөбе»).

Жартылай қорғаушылар: Рамазан Оразов, Алмас Төлібай (екеуі де – «Елімай»), Айбол Әбікен («Қызылжар»), Исламбек Қуат («Жеңіс»), Еркін Тапалов («Қайрат»), Бауыржан Исламхан, Дінмұхамед Қараман (екеуі де – «Астана»), Жасұлан Әмір («Ордабасы»).

Шабуылшылар: Ислам Чесноков («Крылья Советов», Ресей), Исмаил Бекболат, Азамат Тұяқбаев (екеуі де – «Қайрат»), Рамазан Кәрімов («Астана»), Ғалымжан Кенжебек, Максим Самородов («Ахмат», Ресей).

Жанкүйерлердің көңілі толмай отыр

Қазақстан футбол федерациясының Instagram парақшасындағы жарияланымға пікір білдірген жанкүйерлердің бір бөлігі таңдау шешіміне наразылық танытты. Әсіресе «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбеков пен шабуылшы Дастан Сатпаевтың тізімде болмауы қызу талқыға түсті.

«Қайда Дастан, қайда Анарбеков?» деген сауал бірнеше пікірде қайталанды. Кейбір жанкүйерлер Темірлан Анарбековтің шақырылмауына таңданыс білдірсе, енді біреулері Дастан Сатпаевтың жоқтығын түсінбейтінін жазды.

Сондай-ақ пікір қалдырушылардың арасында ұлттық құрамаға тәжірибелі әрі бабындағы ойыншыларды шақыру керектігін айтқандар да болды. Бірқатар жанкүйер бапкердің таңдауын сынға алып, құраманың мақсаты жеңіске жету болуы тиіс екенін еске салды.

Дегенмен ұлттық құрама тізіміне қатысты соңғы шешім бас бапкердің құзырында. Енді жанкүйерлер команданың алаңдағы нәтижесіне қарап, бұл таңдаудың қаншалықты дұрыс болғанын бағалай алады.

Алдағы матчтар

Қазақстан құрамасы 13 қарашада Кишиневте Молдоваға қарсы сырт алаңда ойнайды. Ал 16 қарашада Астанада Словакияны қабылдайды.

Бұл кездесулер ұлттық құраманың Ұлттар лигасындағы қорытынды нәтижесіне әсер ететін маңызды ойындар болмақ.

Барлық жаңалық