🤖 Digital

Алатау: цифрлық қала салмас бұрын қандай мәселелер шешілуі керек?

Алатау: цифрлық қала салмас бұрын қандай мәселелер шешілуі керек?

Алатау қаласы Қазақстанның жаңа технологиялық, қаржылық және инновациялық орталығына айналуға тиіс. Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ауқымды жобаны жүзеге асыру жолында әлі шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мемлекет басшысы Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте өңірдегі инфрақұрылымның жай-күйінен бастап жер қатынастары мен энергия тиімділігіне дейінгі бірқатар мәселені ашық көтерді, деп жазады Ozgeris.info.

Президент ең алдымен болашақ «ақылды қаланың» айналасындағы елді мекендердегі тұрмыс жағдайына назар аударды. Оның айтуынша, Жетіген, Қоянқұс және басқа да елді мекен тұрғындары әлі күнге дейін тұрақты интернетке, сапалы жолға, орталықтандырылған ауызсу жүйесіне толық қол жеткізе алмай отыр. Бұған қоса электр қуатының жиі өшуі де халықтың басты шағымдарының бірі болып қала береді.

«Қала құрамына қосылған елді мекендердің тұрғындары тұрақты интернеттің, сапалы жолдардың, орталықтандырылған сумен жабдықтаудың жоқтығын айтып отыр. Электр қуатының жиі өшуіне қатысты шағымдар да аз емес. Мұндай мәселелер тұтас облыс аумағында кездеседі. Мәселен, электр желілерінің 70 пайызының тозуына байланысты 2025 жылы жарықтың өшуіне қатысты 919 жағдай тіркелсе, 2026 жылдың басынан бері олардың саны 201-ге жетті. Алатау Smart City жобасының ауқымды міндеттері мен өңірдің нақты әлеуметтік-экономикалық жағдайының арасында айқын алшақтық бар. Бұл мәселе туралы ашық айтуымыз керек. Мұндай жағдайды Үкіметтің, атап айтқанда Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев пен облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің жұмысындағы олқылық деп санаймын», деді Мемлекет басшысы.

about center

Президенттің айтуынша, жаңа аудандардағы инженерлік желілердің бір бөлігі әлі жобалау кезеңінде тұр. Сонымен қатар үш қосалқы станцияны жаңғырту және су тарту жүйесін кеңейтуге қатысты маңызды жобалар бекітілген кестеден кешігіп жатыр. Мемлекет басшысы энергетика саласындағы түйткілдерге де арнайы тоқталды. Оның пікірінше, ел экономикасы энергия ресурстарын тиімсіз пайдаланып отыр. Сондықтан жаңа электр cтансаларын салу жөніндегі пікірталастармен қатар энергияны үнемдеу мәдениетін қалыптастыруға басымдық беру қажет.

«Өнеркәсіп министрлігінің мәліметі бойынша электр желілеріндегі шығын шамамен 10 пайызды, жылу энергиясындағы шығын да 10 пайызды құрайды. Тек 2024 жылдың өзінде электр энергиясының жалпы шығыны 9 миллиард киловатт-сағаттан асты. Бұл тұтас Атырау облысының жылдық тұтыну көлемінен де жоғары көрсеткіш. Қазақстан экономикасының энергия сыйымдылығы әлемдік орташа деңгейден екі есе, ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің көрсеткішінен 3,5 есе жоғары. Сондықтан мәселе тек тозған желілерде немесе электр энергиясын ұзақ қашықтыққа жеткізуде емес. Мұнда энергияны тұтыну мәдениетінің де маңызы зор», деді Президент.

Эскиз города  Алатау қаласының дамуын тежеп отырған тағы бір мәселе – жер қатынастары. Мемлекет басшысының айтуынша, қала мен оған жақын аумақтардағы жер телімдерінің басым бөлігі бұрын жекеменшікке берілген немесе ұзақ мерзімге жалға рәсімделген. Соған қарамастан олардың едәуір бөлігі игерілмей жатыр.

«Қала мен оған іргелес аумақтардағы көптеген жер телімдері бұрын жеке меншікке берілген немесе ұзақ мерзімге жалға рәсімделген. Олардың басым бөлігі бүгінге дейін игерілмеген. Соның салдарынан мемлекет қажетті әлеуметтік нысандар мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін жерді қайта сатып алуға мәжбүр. Бұл жұмыстарды айтарлықтай баяулатып отыр. Өкінішке қарай, нақты басталған жобалардың саны бастапқы жоспардан әлдеқайда аз. Тек 2024-2025 жылдары пайдаланылмай жатқан 16 мың гектардан астам жер анықталды. Бірақ соның 688 гектары ғана мемлекетке қайтарылды. Бұл бағытта батыл шешімдер қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сондай-ақ қала құрылысында отандық құрылыс материалдарын кеңінен пайдалануды тапсырды. Сонымен бірге өңірдегі экологиялық жағдайға қатысты мәселелер де көтерілді. Оның айтуынша, қоқыс полигондарында өрт жиі болады, ал қала маңындағы кейбір жер қойнауын пайдаланушылар игерілген аумақтарды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізбейді.

Соған қарамастан Мемлекет басшысы Алатау қаласының стратегиялық маңызы өзгермейтінін атап өтті. Болашақта қала цифрландырудың локомотивіне, білім беру мен туризмнің жаңа орталығына, сондай-ақ өңірдегі заманауи қаржы хабына айналуы тиіс. Бұл ретте Қапшағай жағалауында жыл бойы жұмыс істейтін туристік аймақ құру жоспары да қарастырылып отыр.

Президент об Alatau City: начнем тянуть резину, считайте, дело пропало

Президент Алатауды әлемдегі алғашқы криптоқалалардың бірі ретінде дамыту мәселесіне ерекше тоқталды.

«Бұл бағытта Алатауға ерекше рөл жүктеледі. Ол біздің өңірдегі алғашқы криптоқалаға айналуы тиіс. Ол үшін цифрлық активтер саласындағы артық кедергілерді жедел жою қажет. Криптоактивтердің құқықтық мәртебесін нақты бекітіп, оларды мүлік ретінде тану маңызды. Бұл жүйеде цифрлық теңге де маңызды орын алады. Халықаралық қаржы орталықтарымен бәсекеге түсу үшін Алатауда цифрлық активтермен жасалатын операциялар мен капитал өсіміне қатысты қолайлы құқықтық режим қалыптастыру қажет. Сонымен қатар жылжымайтын мүлік, инфрақұрылым және шикізат активтерін токенизациялау жобаларын жедел іске асыру керек. Шын мәнінде, біз еліміздің қаржы жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеретін ауқымды өзгерістерге жол ашып отырмыз», деді Мемлекет басшысы.

Расында, Алатау жобасы тек жаңа қала салумен шектелмейді. Ол цифрлық экономика, инновация, қаржы технологиялары және заманауи урбанистика тоғысатын жаңа даму үлгісіне айналмақ. Алайда Президент атап өткендей, бұл мақсатқа жету үшін алдымен халықтың күнделікті тұрмыс сапасына әсер ететін негізгі инфрақұрылымдық мәселелер толық шешілуі қажет.

 

Барлық жаңалық