Танымал продюсер Жан Мұқанов шоу-бизнестегі есірткіге тәуелділік мәселесі туралы жазба жариялап, бұл тақырыпты ашық талқылауға шақырды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Оның айтуынша, есірткіге тәуелділік бір адамның ғана мәселесі емес. Оның зардабын отбасы, әріптестері, командасы мен серіктестері де тартады.
«Есірткі — таланттың да, табыстың да бір бөлігі емес. Бұл туралы үнсіз қалмай, ашық айтуымыз керек. Өйткені бүгін елемеген мәселе ертең үлкен трагедияға айналуы мүмкін», — деп жазды продюсер.
Жазбасында ол синтетикалық есірткілердің таралуына алаңдаушылық білдіріп, тәуелділік салдарынан айналасындағы адамдар да қиын жағдайға тап болатынын атап өтті. Продюсер ешкімді атамайтынын, алайда әртістің тұрақты түрде жұмысын тоқтатуы, жоғалып кетуі немесе уәдесін орындамауы сұрақ туғызатынын жазған.
Постта Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл комитеті де белгіленген.