Қайрат Нұртастың Шымкенттегі концертінде адамдарды кіргізбей, кеш ашылған есік салдарынан сцғылыс болып, бір-бірін таптаған,деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Көрермен ұйымдастырушыларды кінәлады.
Билет сатқан Freedom Афиша командасы Шымкентте Қайрат Нұртас концертінде зардап шеккендер бар екені туралы хабарламаларға алаңдаушылық білдіріп, оқиғаның мән-жайын анықтауда құқық қорғау органдарына жәрдем көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Компания зардап шеккендер мен оқиғаның куәгерлерін өздерімен байланысуға шақырды.
10 қазанда Шымкентте Қайрат Нұртастың концертіне кіреберісте адамдардың кептелісі орын алды. Freedom Афиша өкілдері оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын хабарлап, қазіргі уақытта ең бастысы — адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігі екенін атап өтті.
«Зардап шеккендер бар екені туралы хабарламалар бізді қатты алаңдатты. Біз болған оқиғаның мән-жайын анықтап жатырмыз және осы жағдайдан зардап шеккен жандардың барлығына шын жүректен алаңдаймыз», — делінген команда мәлімдемесінде.
Компания құқық қорғау органдарына қолда бар барлық ақпаратты, соның ішінде іс-шараға дайындық материалдары мен өз командасының алаңдағы жұмысына қатысты деректерді ұсынуға дайын екенін білдірді.
«Біз болған оқиғаның барлық мән-жайын барынша объективті әрі ашық түрде анықтауға мүдделіміз», — деп атап өтті Freedom Афиша өкілдері.
Әншінің шығармашылық қызметінің 20 жылдығына арналған мерейтойлық тур аясында «Сахнада 20 жыл» концерті Қажымұқан атындағы Орталық стадионда өтеді деп жарияланған болатын.
Компанияның мәлімдеуінше, концертті ұйымдастырушы Show Service компаниясы.
Freedom Афиша ұйымдастырушы белгілеген квоталар аясында билеттерді сатуды қамтамасыз еткен. Сонымен қатар, алаңда билеттерді тексеру және білезіктерді тарату жұмыстарын атқаратын еріктілердің қызметін ұйымдастырған.
Ал концерт өтетін алаңды дайындау, көрермендердің кіруін ұйымдастыру және күзет қызметін тарту Freedom Афишаның міндеттеріне кірмеген.
Freedom Афиша командасы оқиғаның себептерін бірлесіп талдауға және бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру стандарттарын жетілдіруге қатысуға дайын екенін мәлімдеді.
«Біз үшін болған жағдайдың себептерін анықтауға көмектесу және болашақта осындай оқиғалардың алдын алу үшін қажетті қорытындылар жасалуына үлес қосу аса маңызды», — деп атап өтті компания өкілдері.