Жаңалықтар

Маңғыстауда қаза тапқан сарбаздардың отбасына қандай көмек көрсетілді?

Маңғыстауда қаза тапқан сарбаздардың отбасына қандай көмек көрсетілді?

Маңғыстау облысында қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен оқиғадан зардап шеккен сарбаздарға арналған қаржылай көмекті бөлу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Бекмұрат Жүсіповтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына және зардап шеккен сарбаздарға қажетті көмек көрсету мақсатында арнайы "Ұлттық рух" қоры белгіленген.

Қорға еліміздің ірі кәсіпорындарынан, кәсіпкерлері мен меценаттарынан қаражат түскен. Жиналған қаржының әділ әрі мақсатты бөлінуін қамтамасыз ету үшін арнайы комиссия құрылған. Оның құрамына құқық қорғау органдары мен қоғам өкілдері, Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, қоғамдық кеңестер мен мәслихаттардың өкілдері кірген.

Бекмұрат Жүсіповтің мәліметінше, комиссия шешіміне сәйкес, қорға түскен барлық қаражат қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына заңнамада белгіленген тәртіппен теңдей бөлінген. Сонымен қатар оқиғадан аман қалған әскери қызметшілерге де жеке материалдық төлемдер қарастырылған.

Қаражатты есепке алу және бөлу жөніндегі шешімдер комиссия отырыстарында қабылданып, тиісті хаттамалармен рәсімделген. Бұл ретте қаза тапқан сарбаздардың ата-аналары да жұмысқа қатысқан. Комиссия қаражаттың қорға түсуінен бастап, алушыларға аударылғанға дейінгі барлық кезеңді бақылауда ұстаған.

Сонымен бірге алушылардың қауіпсіздігі мен жеке деректерінің құпиялылығын сақтау, сондай-ақ олардың туған-туыстары мен жақындарының өтінішін ескеру мақсатында төлемдердің нақты сомасы мен қаражат алушылардың дербес деректері жарияланбайды.

Комиссия жұмысын аяқтады. Қорға түскен қаражаттың барлығы белгіленген тәртіппен бөлініп, қабылданған шешімдер тиісті құжаттармен рәсімделген.

Бекмұрат Жүсіпов қоғам өкілдеріне сенім білдіріп, түсіністік танытқандары үшін алғыс айтып, қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің жақындарының шешіміне құрметпен қарауға шақырды.

Барлық жаңалық