Қоғам

«Өлім тілеп, қарғайды»: Астаналық кейуана көптің зәресін қашырған (ФОТО)

«Өлім тілеп, қарғайды»: Астаналық кейуана көптің зәресін қашырған (ФОТО)

Астанда Керуен немесе Ботаникалық бақ маңында жүретін кейуана жергілікті тұрғындардың талқысына түсті. Астаналықтар әжейден құрт сатып алмағаны үшін қарғыс естіп, мазасы қашқанын жазды. Бұл туралы Ozgeris.info сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Құндыз есімді желі қолданушысы әжейді бірнеше рет кезіктірген. 

“Мына құрт сататын әжейді кім біледі? Мен осы кісіден қатты қорқамын. Бұрын Керуен маңайындағылардың мазасын алатын. Қазір Ботаникалық бақ жақта жүреді. Барлық тәсілді қолданып көрдім. 5000 теңгеге құрт алдым, сыпайы бас тартып көрдім, жанынан өтіп кетуге де тырыстым. Бірақ бұлай жасамаңыздар. Бәрібір қарғайды. Кеше көргенде артымнан түкіріп, ұрып жібере ме деп ойладым. Неше түрлі сөз айтты”, – деп жазды желі қолданушысы. 

Тағы бір тұрғын кейуананың күйеуіне өлім тілегенін айтып, алғашқы автордың сөзін растады. 

“Бұл әжейді Керуеннің маңынан үнемі көремін. Қорқатын болдым. Соңғы рет күйеуім сыпайы түрде бас тартып еді, күйеуіме өлім тіледі. Бір ер адамға тіпті түкіріп, бүкіл адамның көзінше оны балағаттады. Бұл тіпті жасы келген адам үшін қалыпты әрекетке жатпайды”, – дейді желі қолдануышысы. 

Астана қаласының тұрғыны кофеханада жұмыс істеп жүріп, кейуананың қызметкерлердің ғана емес, келген қонақтардң мазасын алып, тіпті жылатып кеткен кездері болғанын айтты.

“Үнемі құрт сатып ал” деп келетін. Кофехананың иесі танымал адам еді, адамдарға көмектесетіні бар. Бұл кісі келіп, қожайынмен кездестіріп, сөйлестіруді сұрайтын. Түкіріп, балағаттайтын. Келген қонақтарды да, мені де боқтап, боралап, кетіп қалды. Сол кезде бір қонағымызды жылатып кеткен”, – деп жазды ол.

Кейуанамен кездесіп, қарғыс естігендердің қарасы көп болып шықты. Алайда олар қоғамдық жерде адамдардың мазасын алатын адамның үстінен полицияға не себепті арыз түспегеніне таң. Айтуларынша, қоғамдық орында тыныштықты бұзғаны үшін шағым түсіріп, жауапқа тартылуы тиіс.

 

Барлық жаңалық