Теміртауда 52 жастағы ер адам мен оның 49 жастағы әйелі өз пәтерінде өлі табылды. Қанды қылмысқа олардың 20 жастағы ұлы күдікті, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға көпқабатты тұрғын үйдің бесінші қабатында болған.
Көршілерінің айтуынша, сол түні әйел пәтерінен дәлізге жүгіріп шығып, айқайлап көмек сұраған. Мұны естіген тұрғындар полиция шақырған.
Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары пәтерге кіру үшін есікті бұзуға мәжбүр болған. Пәтердің іші мен дәлізде қан іздері анықталған.
Алдын ала мәлімет бойынша, 20 жастағы жігіт әкесіне алты, анасына тоғыз рет пышақ сұғып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Көршілерінің бірі Елена Маскаеваның айтуынша, күдікті келесі күні таңертең ұсталған. Ол тұрғындар арасында жігіттің ата-анасымен келіспеушілігі болғаны туралы әңгіме тарағанын жеткізді. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
Көршілер отбасының аталған үйге бір жарым жыл бұрын көшіп келгенін айтады. Олардың сөзінше, ерлі-зайыпты тыныш өмір сүрген, ал ұлдары көп сөйлемейтін, тұйық мінезді болған.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Бақытжан Құдияров 20 жастағы күдіктінің ұсталғанын растады.
— Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері осы қылмысты жасады деген күдікпен ерлі-зайыптының 20 жастағы ұлын анықтап, ұстады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, — деді ведомство өкілі.
Қылмыстың нақты себебі әзірге белгісіз. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.