Жаңалықтар

22 жастағы бойжеткен қазақтарды қорлағаны үшін 7 жылға дейін сотталуы мүмкін

22 жастағы бойжеткен қазақтарды қорлағаны үшін 7 жылға дейін сотталуы мүмкін

Қарағанды қаласының 22 жастағы тұрғынына қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтемемен.Ресми мәліметке сәйкес, істі судья Арғын Құтышев қарайды. Алғашқы тыңдалым 14 қазанға белгіленді. Күдіктіге Қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-бөлігі бойынша («Ұлтаралық араздықты тудыру») айып тағылған.

 

Аталған бап әдейі жасалған әрекеттерді ұлттық немесе діни араздықты тудыру, сондай-ақ ұлтына байланысты ар-намыс пен қадір-қасиетті қорлауды қылмыс деп қарастырады.

 

Биыл шілде айында Қарағандыда әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг кезінде полиция қызметкерлері «Threads» платформасында күдіктінің жазбаларын анықтаған. Ол жазбалар қоғамда үлкен резонанс тудырды. Желі қолданушыларының пікірінше, оның кей сөздері қазақстандықтарды қорлап, ар-намысына тиді.

 

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Департаменттің мәліметінше, тергеу барысында күдіктінің елден кетуге ниеті бар екені белгілі болған. Сол себепті 22 шілдеде сот шешімімен ол екі айға қамауға алынды.

 

Айта кету керек, сынға қалған бойжеткен сол кезде видеожазба жариялап, көпшіліктен кешірім сұрады.

 

Тамыз айында әлеуметтік желілерде күдіктінің Алматыда еркін жүр деген ақпарат тарады. Бірақ аймақтық полиция департаменті бұл мәліметті жоққа шығарды:

«Күдікті тергеу изоляторында қамауда отыр. Қазір ол бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр», – делінген ресми хабарламада.


ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабына сәйкес, кінәлі деп танылған жағдайда айыпталушы 2 000-нан 7 000 айлық есептік көрсеткішке дейін (шамамен 7,8–27,5 млн теңге) айыппұл төлеуі мүмкін. Сонымен қатар, сот бостандығын шектеу немесе 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын да қарастырады.

Барлық жаңалық