📰 Сарапшылар пікірі

2029 жылға дейін 150 млрд доллар таба аламыз ба?

Үкіметіміз елге 2029 жылға дейін 150 млрд доллар инвестиция тарту туралы Президент тапсырмасын орындауға кірісіп кетті. Ресми құрылымдар жүздеген жобаның дайын екенін айтса, сарапшылар ел әлеуетін шектейтін бірқатар факторды атап өтеді, деп жазады Ozgeris.info.

Бір жағынан, мемлекет шетелдік капиталды тартуға арналған институционалдық негіз қалыптастырып жатыр. Екінші жағынан, Қазақстан қазір шикізаттық циклдің аяқталу кезеңінде тұр. Инвестициялық ахуалдың әлсіреуі мен жобаларды «қолмен басқару» мәселесіне тап келіп отыр. Елдің табысы ең алдымен шетелдік инвесторлар үшін тең мүмкіндік пен болжамды ережелер қалыптастыруға байланысты болмақ. Сонымен қатар тұрақты макроэкономикалық орта, сенімді деректер базасы және кәсіби мамандар дайындау жүйесі де шешуші рөл атқарады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тапсырманы былтыр өткен Astana Think Tank Forum-да жариялаған еді. Ол 2029 жылға дейін ел экономикасына 150 млрд доллар тарту міндетін қойды. Бұл мақсат елдің ішкі жалпы өнімін екі еселеу әрі Ұлттық қордың активтерін 100 млрд долларға жеткізу жоспарымен қатар жүреді. Мұның бәрі Президент пен оның командасы өз өкілеттігі аяқталғанға дейін орындауды көздеп отырған стратегиялық бағдарламаға кіреді.

Бұған дейін, 2021 жылдың наурызында президент инвестициялық штаб құруды тапсырған. Ал 2023 жылдың желтоқсанында бұл штаб кең өкілеттікке ие болды. Енді оның шешімдері мемлекеттік органдар үшін міндетті. Сонымен қатар инвестициялық штабқа уақытша үкімет қаулыларын әзірлеу құқығы берілген. Қазір штаб құрамына бірінші Вице-премьерден бөлек, Президент кеңесшісі, бірнеше министрліктің өкілдері, ұлттық компаниялар – Kazakh Invest, Самұрық-Қазына, Бәйтерек холдингі, сондай-ақ МФЦА, Бас прокуратура, ҰҚК және өңірлік атқарушы органдардың өкілдері кіреді.

 

Инвестициялық штабтың жетекшісі әрі бірінші вице-премьер Роман Склярдың айтуынша, бұл мақсат нақты орындалатын деңгейде.

 «150 млрд доллар инвестиция тарту – шынайы мақсат. Кейінгі үш жылда елге 68 млрд доллардан астам шетелдік инвестиция келді. Президенттің көрсеткіші елдің негізгі салалары бойынша есептелген орта мерзімді әлеуетке негізделген»,  дейді ол.

Kazakh Invest компаниясының мәліметінше, қазір Ұлттық цифрлық инвестициялық платформада 1000-нан астам жоба тіркелген, олардың шамамен 25 пайызы шетелдік қатысумен жүзеге асып жатыр.

«Біздің рөліміз – бизнесті қаржыландыру емес, оған жағдай жасау. Бұл инфрақұрылым, жеңілдіктер, құқықтық қорғау және ашық рәсімдер», дейді компания өкілдері.

Мемлекет сондай-ақ «Бір терезе» тетігін жетілдіру, инвестициялық климатты жақсарту бағытындағы акселерациялық бағдарламаларды іске асыру, өңірлік инвестициялық бағдарламаларды әзірлеу және «жасыл дәліз» жобасын жалғастыруды жоспарлап отыр. Бұл бастамалар инвесторларға кедергісіз орта құрып, ел экономикасына сенім арттыруға бағытталған.

Жалпы алғанда, үкімет 2029 жылға дейінгі мақсатқа жүйелі түрде дайындалып келеді. Бірақ сарапшылар ескерткендей, нәтиже тек сандарға емес, нақты реформалар мен тең ережелерге байланысты болмақ. Егер институционалдық орта тұрақты, заңнамалық талаптар айқын және кадрлық әлеует жоғары болса, Қазақстанның бұл межеге жету мүмкіндігі зор.

Расында, экономикалық өсім инвестициясыз болмайды. Себебі елдің өсімі қосылған құнның ұлғаюына тікелей байланысты. Табыстың өзі компаниялардың пайдасы мен қызметкерлердің жалақысынан тұрады. Ал пайда мен жалақы тек өнім, жұмыс және қызмет көлемі мен олардың өнімділігін арттыру арқылы өседі. Экономист Ғалым Құсайыновтың айтуынша, барлық тауарлар мен қызметтер екіге бөлінеді. Нақтырақ айтқанда, сыртқы нарықта сатылатын және тек ел ішінде айналатын өнімдер.

«Мысалы, шаштараз қызметін экспорттау қиын, ал уранды шетелге сатуға болады. Яғни, туризм мен көлік саласын қоспағанда, көпшілік қызмет түрлері ел ішінде ғана айналады. Сондықтан мұндай бағыттарға мемлекеттік қолдау көрсету тиімді емес, өйткені ол ең үздік кәсіпорындарға емес, тек артықшылыққа ие болғандарға пайда әкеледі. Нәтижесінде дамуға қабілетті емес кәсіпорындар көбейіп, бүкіл сала әлсірейді. Сол себепті мен бәсекеге қабілетті емес салаларды мемлекет қолдамауы керек деп есептеймін», дейді сарапшы.

Оның пікірінше, басты назарды сыртқы нарықпен байланысы бар, яғни экспортқа немесе импортпен бәсекелес салаларға аудару қажет. Себебі осындай салалар дамыса, ел ішіндегі қызмет көрсету мен тұтыну да автоматты түрде өседі. Бұл бағыттағы ең маңызды фактор – инвестиция.

«Салаға жай ғана жеңілдік беріп, салықты азайту жеткіліксіз. Ең бастысы – өнімділікті арттыру. Егер кәсіпорын әлемдік деңгейде бәсекеге түсе алмаса, оған берілетін преференцияның еш мәні жоқ. Инвестиция түрі көп, бірақ олардың негізгі бес бағыты бар: тікелей шетелдік инвестициялар, банктік несиелер, қарыздық портфельдік инвестициялар, акциялар арқылы капиталға салынған инвестициялар және ішкі тікелей инвестициялар. Барлығы да маңызды, бірақ әрқайсысының өз қиындығы бар. Мемлекеттің міндеті – осы бағыттардың бәрін бірдей дамыту», дейді сарапшы.

Ол шетелдік инвестицияны тартуда институционалдық орта мен табыстылық деңгейінің маңызы зор екенін айтады. Қай елдің заң жүйесі тұрақты және ашық болса, сол елге капитал көп келеді. Бұрын Қазақстанға инвестиция негізінен пайдалы қазбалар саласына келетін. Өйткені ол жерден пайда көп табылатын, тәуекел де сол арқылы жабылатын. Қазір бұл бағытта табыстылық төмендеді, ал геологиялық барлау тәуекелі жоғары. Сондықтан енді өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту үшін институционалдық ортаны жақсарту қажет. Банк несиелері де экономиканы қаржыландырудың басты көзі болуы керек, бірақ бұл салада көптеген мәселе бар.

«Кейінгі жылдары банктер шетелдік займдарды тартуды азайтты. Себебі валюталық несиелеу тоқтап қалды. Бұған жоғары базалық мөлшерлеме ғана емес, кепіл мүлікті қайтару тетіктерінің әлсіздігі себеп. Соңғы он жылда несие берушілердің құқықтары шектеле түсті, бұл нақты секторға несие беруді тежеп отыр. Сонымен қатар банктер арасындағы бәсекенің төмендігі мен реттеушілік шектеулер де кедергі. Қор нарығы арқылы капитал тарту ісі де дамымай отыр. Компаниялардың көпшілігі биржаның талаптарына сай келмейді. Бұл – нарықтың жетілмеуімен қатар, бизнестің бөлшектеніп, ашық болмауынан туындаған жағдай. Бұған көбіне салық заңнамасындағы олқылықтар себеп. Көп компаниялар салықты азайту үшін өз қызметін ұсақтап көрсетеді. Үкімет жаңа Салық кодексі арқылы бұл мәселені шешуге тырысуда, бірақ мен соңғы кезде пайдалы реформалардан бас тарту белгілерін байқап жүрмін», дейді Ғ. Құсайынов.

Акция шығару арқылы капитал тарту да қиын. Бұл жерде IPO – яғни мемлекеттік компанияларды нарыққа шығару – үлкен мүмкіндік болар еді. Бірақ бұл бағыттағы жұмыс баяу жүріп жатыр. Кейінгі он жылда бірнеше жеке компаниялар тіпті нарықтан кетіп қалды. Ал мемлекет акционер ретінде кейбір ірі кәсіпорындардың үлесіне ие, сондықтан дәл қазір сол компанияларды биржаға шығарып, нағыз ашық әрі қоғамдық компанияларға айналдыруға уақыт келді.

 «Жеке сектордың қаржысын арттыру өте қиын. Себебі банктік қаржыландыру жүйесі мен инвестициялық климат толық қалыптаспады. Сондықтан қазіргі жағдайда мемлекеттік инвестиция ауадай қажет. Меніңше, сыртқы мемлекеттік қарыз тарту мүмкіндігі зор. Ол қаражатты инфрақұрылымдық жобаларға бағыттауға болады. Бұрынғы тәжірибеге емес, болашақ табыс көздеріне сүйеніп шешім қабылдау керек. Инфрақұрылым – тек жол мен электр станциялары емес. Ол – мектеп, аурухана, қоғамдық көлік, тұрғын үй, әлеуметтік нысандар. Дамыған мегаполистерге инвестиция тарту әрқашан оңай. Себебі қала үлкейген сайын еңбек өнімділігі де артады. Сондықтан тұрғын үй құрылысын көбейтіп, адамдардың қалаға көшуіне жағдай жасау керек. Бұл өз кезегінде ішкі сұранысты арттырып, еңбек өнімділігін көтереді», дейді ол.

Барлық жаңалық