💰 Экономика

2026 жылы көлік салығы қалай өзгереді?

2026 жылы көлік салығы қалай өзгереді?

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің айтуынша, биылдан бастап көлік салығына қатысты бірқатар өзгеріс күшіне енді. Біріне салық азайды, біріне керісінше өсті. Есептеу тәртібі де жеңілдеді. Төменде соның бәрін қарапайым, түсінікті тілмен тарқатып көрейік, деп жазады Ozgeris.info.

Көлік ескі болса, салық та арзан

Алдымен ескі көлік мінетіндерге жақсы жаңалық бар. Егер жеңіл автокөлігіңіздің жүргеніне 10 жылдан асса, енді салық бұрынғыдай толық көлемде есептелмейді. 10 жылдан 20 жылға дейінгі көліктерге – 0,7 коэффициент, ал 20 жылдан асқан көліктерге – 0,5 коэффициент қолданылады. Яғни, көлігіңіз неғұрлым ескі болса, салығы да соғұрлым азаяды. Бірақ бір нюанс бар. Көлік салығы жыл қорытындысымен төленетіндіктен, 2026 жылға есептелген бұл жеңілдік 2027 жылы төленеді.

Енді қозғалтқышы үлкен көліктерге келейік. 4 000 текше сантиметрден жоғары қозғалтқышы бар жеңіл көліктер үшін салық айтарлықтай қымбаттады. Бұрын мұндай көліктерге 100 АЕК төленсе, енді 117 АЕК төленеді. Бұл – бірден 17% өсім. 2026 жылы 1 АЕК – 4 325 теңге екенін ескерсек, мұндай көліктердің жылдық салығы 506 025 теңгеге жетеді. Бұл өзгеріс әсіресе ірі жол талғамайтын көліктерге, қуатты седандар мен премиум-класс автокөліктерге әсер етеді.

Ал қозғалтқыш көлемі 3 000 текше сантиметрден асатын кейбір көліктер үшін керісінше жеңілдік бар. Егер мұндай автокөлік 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін Қазақстанда өндірілген немесе сол күннен кейін елге әкелінген болса, оларға қатысты арнайы жоғары салық мөлшерлемелері мүлде алынып тасталды.

Шаруа мен фермерлерге де қосымша қолдау қарастырылды. Енді әрбір шаруа немесе фермер қожалығы бір дана пикап көлігі үшін көлік салығын төлемейді. Бірақ бұл пикаптың жүк платформасы болуы және жүргізуші кабинасы жүк бөлігінен қатты қалқамен бөлінуі керек.

Тағы бір маңызды өзгеріс – көлікті қалай жіктеу мәселесі. Бұрын пикап, джип, лимузин, фургон сияқты атауларға қарап, салық санаты анықталатын. Енді бұл норма алынып тасталды. Қазір көлік санаты тіркеу куәлігінде көрсетілген жүргізуші куәлігінің санатына – A, B, C, D – қарай белгіленеді. Яғни, қағазда қалай жазылса, солай есептеледі.

Салық төлеу тәртібі де жеңілдеді. Бұрын көлік салығы бойынша жыл ішінде ағымдағы төлемдер туралы есеп тапсыру керек еді. 2026 жылдан бастап бұл міндет жойылды. Енді көлік иесі жылына бір-ақ рет – жылдық декларация тапсырады және салықты да бір рет, жыл соңында төлейді.

Соңында тағы бір маңызды жайт. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қосылған құн салығы 12%-дан 16%-ға өсті. Бұл әсіресе импорттық көліктерге әсер етеді. Себебі шетелден әкелінетін автокөліктерге ҚҚС есептеледі. Соның салдарынан импорттық көліктердің бағасы орта есеппен 5-10% немесе одан да көп өсуі мүмкін. Бұл бәрі көліктің моделіне және жеткізу шарттарына байланысты.

Импорттық көліктер қымбаттайды

2025 жыл Қазақстанның автомобиль нарығында есте қаларлық жыл болды. Сұраныс баяулағанымен, сатылым тоқтаған жоқ. Керісінше, нарық бұрын-соңды болмаған көрсеткіштерге жетіп, рекорд жаңартты.

Жылдың 11 айында елдегі ресми дилерлер 207 616 жаңа автокөлік сатты. Бұл 2024 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 15,6% көп. Яғни халық аз алған жоқ, тек таңдауды ойланып жасай бастады. Ең ерекше ай – қараша болды. Бар-жоғы 1 айдың ішінде 25 804 автокөлік сатылып, Қазақстандағы ресми авторитейл тарихындағы ең жоғары айлық көрсеткіш тіркелді.

Қай көлік көп өтті деген сұраққа жауап та бар. Қазақстанның Автокөлік Одағы дерегіне сүйенсек, қарашада нарықта Chevrolet алда тұрды. Бір айда 7 777 көлік сатылды, бұл былтырғы қарашамен салыстырғанда 76% өсім. Hyundai 5 261 көлікпен екінші орынға шықты, өсім – 37,9%. Ал ТОП-10 қатарына Kia, Jetour, Toyota, Chery, Haval, Changan, Geely және Jac енді. Ең көп сатылған модель – Chevrolet Cobalt.

Баға мәселесіне келгенде, көп адамды алаңдатып отырған тақырып – ҚҚС. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қосылған құн салығы 12%-дан 16%-ға өседі. Бұл ең алдымен импорттық автокөліктерге әсер етеді. Себебі көлік шетелден әкелінсе, ҚҚС міндетті түрде есептеледі. Соның салдарынан импорттық автокөліктердің бағасы орта есеппен 5-10% немесе одан да жоғары өсуі мүмкін. Қаншаға қымбаттайтыны модельге де, жеткізу шарттарына да байланысты.

Бірақ бұл өзгеріс ел ішінде өндірілетін автокөліктерге қатысы жоқ. Салық кодексінің 394-бабының 38-тармақшасына сәйкес, белгілі шарттар орындалса, Қазақстанда өндірілген көліктер ҚҚС-тен босатылады. Қарапайым тілмен айтқанда – отандық көліктерге импорттағыдай салық салынбайды. Сондықтан ҚҚС өсті екен деп, елде құрастырылған автолар бірден қымбаттамайды.

Дегенмен келесі жылы нарыққа әсер ететін тағы бір фактор бар. Ол – Қытай үкіметінің автокөлік экспортын қатаңдатуы. Кейбір модельдерге жаңа талаптар қойылып, жеткізу мерзімі ұзаруы мүмкін. Бұл импорттық көліктердің бағасына да, қолжетімділігіне де әсер етеді. Бұрын оңай келетін, салыстырмалы түрде арзан модельдер енді кешігіп немесе қымбат келуі ықтимал. Соның салдарынан импорттық автокөліктердің бәсекеге қабілеттілігі төмендейді.

Ал жергілікті өндіріс үшін 2025 жыл табысты өтті. Қараша айында сатылған ТОП-10 автокөліктің барлығы Қазақстанда құрастырылған. Жалпы сатылымдағы отандық көліктердің үлесі 60-65% шамасында.

Елде өндірілген көліктердің артықшылығы да айқын. Бағасы тұрақты, импорттық баламаларға қарағанда қолжетімді. Сервис бар, қосалқы бөлшек табу қиын емес. Кепілдік пен техникалық қызмет көрсету мәселесінде де ұтатын тұсы көп. Ал ҚҚС-тен босатылуы бағаны ұстап тұруға көмектесіп отыр.

 

2026 жылға қарай нарықта бірнеше өзгеріс күтіледі. Импорттық көліктер қымбаттайды – бұған ҚҚС, жеткізу шығындары мен валюта әсер етеді. Қытайдан келетін кейбір модельдер кешігіп немесе шектеулі көлемде келуі мүмкін. Осы жағдайда сатып алушылар сервистік қолдауы бар, бағасы тұрақты көліктерге көбірек мән бере бастайды.

Соның нәтижесінде Қазақстанда өндірілген автокөліктердің үлесі 70% немесе одан да жоғары болуы ықтимал. Егер маркетингтік науқандар мен жеңілдіктер жалғасса, жергілікті брендтердің массалық сегменттегі позициясы одан әрі күшейеді.

Қазіргі сатып алушы да өзгерді. Ол енді тек баға мен брендке емес, көліктің жалпы құнына, кепілдік шарттарына, сервистің қолжетімділігіне және 3-5 жылдан кейінгі қайта сату бағасына да қарайды. Бұл үрдіс отандық, сервисі дамыған және бағасы тұрақты модельдерге сұранысты арттырады.

Айта кету керек, электр көліктеріне қатысты да өзгеріс бар. Еуразиялық экономикалық комиссия Қазақстанға «жасыл» автокөліктерге берілген квотаның мерзімін ұзартпады. Демек келесі жылдан бастап электромобильдерді бұрынғыдай жеңілдікпен алу мүмкін болмайды. Осыған байланысты электр көліктер де қымбаттауы мүмкін.

Барлық жаңалық