📰 Сарапшылар пікірі

2026 жыл: Пәтер сатса, салық қалай есептеледі?

Пәтер сатып, немесе сатқалы отырған адамдарда сұрақ көп. «Салық төлеу керек пе, керек болса қанша?» деген сауалдардың дұрыс жауабын табу да оңай емес. Мәселен, 2026 жылдан бастап көптеген ережелер өзгергелі тұр. Krisha.kz мамандары жүргізген зерттеу осы мәселені нақты мысалдармен түсіндіріп берді, деп жазады Ozgeris.info.

Сарапшылардың айтуынша, егер пәтерді 1 жылға жетпей сатып, пайда тапсаңыз, салық төлеуге міндеттісіз. 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін қолданылып тұрған ереже бойынша, жылжымайтын мүлікті 1 жылдан аз уақыт иеленіп, қымбатқа сатсаңыз, табыстан жеке табыс салығы алынады. Мөлшерлеме 10% деңгейінде тұрады. Мысалы, пәтерді 30 млн теңгеге алып, 35 млн теңгеге саттыңыз делік. Бұл жағдайда пайда 5 млн теңге болады. Соның 10%-ы яғни, 500 мың теңге салық ретінде төленеді.

Ал егер пәтерді 2026 жылдың 1 қаңтарынан кейін сатып алып, сол жылы немесе қысқа мерзімде қайта сатсаңыз, ереже өзгереді. Жаңа жылдан бастап ең төменгі иелену мерзімі 2 жыл болады. Сонымен бірге прогрессивті салық енгізіледі.

«2026 жылдан бастап пайда 8500 айлық есептік көрсеткішке дейін болса, 10% салық салынады. Ал осы сомадан асқан бөлігінен 15% ұсталады. 2026 жылы 1 АЕК 4325 теңге болады. Демек 8500 АЕК бұл 36,7 млн теңге. Мысалы, пәтерді сатып, 50 млн теңге пайда таптыңыз. Оның 36,7 млн теңгесіне 10% яғни, 3,6 млн теңге есептеледі. Қалған 13,2 млн  теңгесіне 15% яғни 1, 9 млн теңге салынады. Барлығы 5,6 млн теңге салық төлеу керек болады. Егер мүлікті 2 жылдан артық ұстасаңыз немесе пайда болмаса, яғни сатып алған бағаға сатсаңыз, салық төленбейді», деп түсіндіреді сала мамандары.

Көп адамды мазалайтын тағы бір жағдай бар. Пәтерді 2025 жылы сатып алып, 2026 жылы сатсаңыз, қай ереже қолданылады. Мұнда мәміле жасалған күн маңызды. Егер сатып алу 2026 жылға дейін рәсімделсе, бұрынғы ереже сақталады. Яғни, ең төменгі мерзім 1 жыл, мөлшерлеме – 10%.

Мысалы, пәтерді 2025 жылдың желтоқсанында алып, 2026 жылдың желтоқсанында сатсаңыз, 12 ай өткендіктен салық төлемейсіз. Ал 2025 жылдың маусымында сатып алып, 2026 жылдың қаңтарында қымбатқа сатсаңыз, табыстан 10% салық төлейсіз.

«Кейбіреулер гараж немесе автотұрақ сатсам, салық болмайды деп ойлайды. Бірақ бұл қате түсінік. Салық тұрғын үйге ғана емес, кез келген жылжымайтын мүлікке салынады. Оның ішінде үй, пәтер, жатақханадағы бөлме, дача, жер телімі, жеке қосалқы шаруашылық нысандары, гараж, автотұрақ, қойма секілді объектілер бар. Ал бастапқы баға белгісіз болса, қалай есептейміз деген сұрақ та жиі туындайды. Мысалы, айырбас шартымен алынған пәтерде баға көрсетілмесе, салық есептеу үшін мемлекеттік бағалау құны қолданылады. Бұл баға меншік құқығы пайда болған жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткішпен алынады. Жеке нарықтық бағалау мұндай жағдайда қолданылмайды», дейді Krisha.kz мамандары.

Мұрагерлікке алынған пәтерде де сатып алу бағасы болмайды. Бұл жағдайда меншік құқығы тіркелген күндегі нарықтық бағалау пайдаланылады. Бірақ ол міндетті түрде сату жылынан кейінгі жылдың 31 наурызына дейін жасалуы керек. Егер бағалау жоқ немесе мерзімі өтіп кетсе, мемлекеттік бағалау қолданылады.

Сыйға берілген пәтер, дача, гараж немесе жеке үй бойынша да есеп мемлекеттік бағалау құны арқылы жүргізіледі. Ал жеке тұрғын үй салуға арналған немесе бау бақша жер телімдері үшін кадастрлық құн алынады. Ол жер алынған жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткішпен есептеледі. Егер жер алып, үстіне үйді өзіңіз салсаңыз, бастапқы құнды анықтау үшін үй пайдалануға берілген кезде жеке бағалау актісін жасау қажет. Сол құжаттағы сома мен сату бағасы салыстырылады. Егер бағалау уақтылы жасалмаса, мемлекеттік бағалау негізге алынады.

«Айырбас шартымен алынған, бағасы көрсетілмеген пәтерді сатқанда да жеке бағалау қолданылмайды. Сату бағасынан мемлекеттік бағалау құны шегеріледі. Мемлекеттік бағалау деген не деген сұраққа да тоқтала кетейік. Бұл салық есептеу үшін қолданылатын ресми баға. Көбіне ол нарықтағы бағадан төмен болады. Сондықтан салық салынатын база жоғарырақ шығып кетуі мүмкін. Мемлекеттік бағалау құнын eGov.kz порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы білуге болады. Ол үшін жылжымайтын мүлік бөліміне кіріп, бағалау құны туралы мәлімет алу қызметін таңдайсыз. Кадастрлық нөмірді немесе нақты мекенжайды көрсетіп, ЭЦҚ немесе Digital ID арқылы растау қажет. Сол қызметті ХҚКО арқылы да алуға болады.

Салықты қашан және қалай төлеу керек деген сұрақ та маңызды. Декларацияны сату болған жылдан кейінгі жылдың 31 наурызына дейін тапсыру керек. Ал салықтың өзін 10 сәуірге дейін төлеу қажет. Төлемді салық төлеуші кабинетінде, E Salyq Azamat қосымшасында, Kaspi.kz арқылы немесе салық органына барып жасауға болады.

Қысқасы, 2026 жылдан бастап пәтер сатудағы салық тәртібі күрделене түседі. Сондықтан жылжымайтын мүлікпен мәміле жасамас бұрын, мерзім мен ережені алдын ала есептеп алған дұрыс. Бұл артық шығыннан да, күтпеген салықтан да сақтайды.

Барлық жаңалық