Ақмола облысында 12 жастағы қызға зорлық-зомбылық көрсетті деген айыппен 56 және 57 жастағы екі ер адамға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Aikyn.kz сайтына сілтемемен.
Тергеу дерегінше, күдіктілердің бірі 1967 жылы туған ер адам, жәбірленушінің анасымен бірге тұратын пәтердің иесі болған. Ол жасөспірімнің сеніміне кіріп, орманға алдап апарып, зорлық жасағаны анықталды. Кейін қызды қорқытып, болған жағдайды ешкімге айтпауын талап еткен. Егер бұл туралы біреуге хабар берсе, әпкесін де қорлайтынын айтып бопсалаған.Кейін күдікті қызға ақша беріп, электронды темекі алып берген. Біраз уақыттан соң ол бұл ісі жайлы көршісіне 1968 жылы туған ер адамға айтып қойған. Осыны пайдаланған көршісі де жасөспірімге азғындық әрекет жасағаны белгілі болды.Қыздың туыстары оқиғаны кездейсоқ білген. Олар жасөспірімнің күдіктілердің бірімен жазысқан хаттарын тауып алған соң полицияға жүгінген.
Қазіргі уақытта жәбірленушіге психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Отбасы мүшелері тергеу барысында кейбір адамдардың істі жасырып, «келісімге келу» үшін ақша ұсынғанын да мәлімдеді.
Іс Ақмола облысы Полиция департаментінің тергеу басқармасына берілген. Полиция мәліметінше, күдіктілердің ешқайсысы құқық қорғау органдарымен байланысы жоқ. Дегенмен «Не молчи» қорының өкілдері олардың қылмыстық жауапкершіліктен жалтаруға тырысып жатқанын хабарлады.