Таңертең бір шыныаяқ кофе ішіп отырып, бағасына еріксіз көз түсетін болды. Бұрын байқалмайтын өзгеріс қазір анық сезіледі. Кофе неге қымбаттап кетті?
Соңғы деректер кофе бағасының айтарлықтай өскенін көрсетеді. Былтыр желтоқсанда кофенің жылдық қымбаттауы 26,2%-ға жетті. Бұл – кейінгі 1 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, баға жаз айларынан бастап тез өсе бастаған. Әуелі 19% болды, кейін біртіндеп 26%-ға дейін көтерілді.
Көп адам мұны инфляциямен байланыстырады. Бірақ негізгі себеп басқа. Басты мәселе – кофенің шикізаты қымбаттады. Жыл соңына қарай дәнді кофе 36,3%-ға өсті. Дәннің бағасы көтерілсе, одан жасалатын өнім де бірге қымбаттайды. Сондықтан еритін кофе де, дайын кофелік сусындар да арзандаған жоқ.
Бұл тек Қазақстанға ғана тән жағдай емес. Кофе бүкіл әлемде қымбаттап жатыр. Trading Economics порталының дерегіне сүйенсек, 2025 жылдың желтоқсанында әлемдік биржада кофе фунты 4,1 долларға жеткен. Бұл – сол жылдың қаңтарымен салыстырғанда 28,1%-ға жоғары.
Әлемдік бағаның өсуіне ауа райы тікелей әсер етті. Арабика кофесін көп өндіретін Бразилияда былтыр қуаңшылық болды. Ал Вьетнамда 2025 жылдың жазындағы аптап ыстық робуста өніміне кері әсерін тигізді. Соның салдарынан әлемдік нарықта кофе азайды. Ал ұсыныс азайса, баға міндетті түрде өседі.
Соған қарамастан, Қазақстандағы кофе бағасы әлем бойынша ең қымбат елдердің қатарында емес. Numbeo рейтингінде 2026 жылдың қаңтарында Қазақстан капучино бағасы бойынша 103 елдің ішінде 77-орында тұр. Бізде бір кесе капучино орта есеппен 2,2 доллар немесе шамамен 1,1 мың теңге.
Салыстыру үшін айтсақ, Данияда бір кесе кофе 6,6 доллар, Швейцарияда 6,2 доллар тұрады. Яғни Қазақстандағы баға Еуропаның дамыған елдерінен бірнеше есе арзан.
ЕАЭО елдерімен салыстырғанда да Қазақстан орташа деңгейде тұр. Ресейде капучино 2,6 доллар, Беларусьте 2 доллар, Өзбекстанда 1,9 доллар шамасында.
Қазақстанда кофенің бір ерекшелігі бар. Бұл өнім бізде өндірілмейді, толықтай импортталады. Кофе 47 елден әкелінеді. Негізгі жеткізуші – Бразилия. 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстанға импортталған кофенің 39,9%-ы осы елдің үлесіне тиесілі. Осы кезеңде Бразилиядан шамамен 1,5 мың тонна кофе жеткізілген. Бұл – бір жыл бұрынғыдан 1,5 есе көп.
Екінші орында Ресей тұр – 937,7 тонна. Сарапшылар бұл көлемнің едәуір бөлігі реэкспорт болуы мүмкін екенін айтады. Соңғы 2 жылда тағы бір өзгеріс байқалды. Қазақстан Вьетнамнан кофе импортын 3,4 есе, Қытайдан 43,9 есе арттырған. Бұл бразилиялық жеткізілімге балама жолдар қарастырыла бастағанын көрсетеді.
Жалпы, 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстанға 3,7 мың тонна кофе әкелінген. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 26,9%-ға көп және соңғы бірнеше жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Ақшалай мәнде импорт бірден 60,4%-ға өсіп, 36,9 млн долларға жеткен.
Әлемдік сарапшылар қымбатшылық салдарынан кей елдерде адамдар кофеден бас тарта бастағанын айтады. Ал Қазақстанда жағдай керісінше. Ұлттық статистика деректеріне қарағанда, соңғы 3 жылда қазақстандықтар еритін кофені көбірек тұтына бастаған. Былтыр 3-тоқсанда бір адамға шаққандағы орташа тұтыну 77 граммды құрады. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,1%-ға жоғары.
Әлемде кофені ең көп ішетін елдер де белгілі. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, бірінші орында Люксембург тұр. Бұл елде бір адам күніне орта есеппен 5 шыныаяқ кофе ішеді. Мұнда кофе ішу мәдениеті бұрыннан қалыптасқан. Сонымен қатар халықтың 47%-ы шетелде жұмыс істейді, ал олардың кофе тұтынуы да осы елдің есебіне кіреді. Люксембургте 1 шыныаяқ кофе 3.60 доллар тұрады.
Екінші орында Финляндия – күніне 3.77 шыныаяқ. Үшінші орында Швеция – 2.59 шыныаяқ. Бұл елде 1 шыныаяқ кофе орта есеппен 3,70 доллар.
Алғашқы ондыққа Норвегия, Аустрия, Дания, Швейцария, Нидерланды, Грекия және Германия кіреді. Бұл елдерде 1 шыныаяқ кофе 3,10-5,40 доллар шамасында.
АҚШ бұл тізімде 24-орында тұр. Америкалықтар күніне орта есеппен 1,22 шыныаяқ кофе ішеді. Жапонияда бұл көрсеткіш 1 шыныаяқтан да аз. Ал әлемдегі ең ірі кофе өндіруші Бразилияда халық күніне 1,58 шыныаяқ кофе тұтынады, ел жалпы есепте 18-орында.
65 ел қатысқан зерттеуде соңғы орын Үндістанға тиесілі. Мұнда бір адам тәулігіне небәрі 0,02 шыныаяқ кофе ішеді. Ал 1 шыныаяқтың бағасы – 1,83 доллар.