Танымал абайтанушы Омар Жәлелдің екінші әйелі бұрынғы жұбайына қатысты бұрын айтылмаған жайттарды жария етті, деп хабарлайды ozgeris.info.
Оның айтуынша, олар 31 қаңтар күні некелескен. Сол жылы қыркүйек айында тұңғыш сәбилері дүниеге келген. Әйелдің сөзінше, өзі отбасына келін болып түскеннен кейін Омар Жәлел бірінші жұбайынан туған ұлын үйлендірген. Тіпті өзі оны «құтты келін болып келдің» деп айтқан көрінеді.
Алайда алғашқы жүктілік кезеңінде екі әйелдің арақатынасы ушыға түскен. Екінші жұбайы бірінші әйел тарапынан қызғаныш пен қысым болғанын алға тартты.
«Жүкті болғанымды қабылдамай, түрлі құжат талап етіп, балаға күмән келтірді. Кейін үшінші әйел алатынын айтты. Сол кезде іштегі балам алты айлық еді. Тіпті босанған соң баланы алып, бәйбішеге беретінін де жеткізді», – дейді ол.
Айтуынша, бұл ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы болған. Кейін Омар Жәлелдің үшінші әйел алғанын бір ай өткен соң ғана білген. Сол уақытта оған Түркияға кету ұсынылған.
Қазіргі таңда бұрынғы жұбайынан мүлде хабар жоқ екенін, оның балаларымен де араласпайтынын айтты. Осыған байланысты сотқа жүгінетінін мәлімдеді.
«Менің тағдырыммен ойнады. Менен кейін тағы екі әйел алды. Бала туғызып алып, кейін қуып жіберді», – деді ол.