💰 Экономика

Әскердегі сарбазға несие берілмейді

Әскердегі сарбазға несие берілмейді

Енді әскерге барып жүрген сарбаз банкке барып несие рәсімдей алмайды. Қазақстанда мерзімді әскери қызметшілерге қатысты қаржылық шектеу енгізілмек. Бұл шешім не үшін қабылданды, кімдерге әсер етеді?

Қазақстанда мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген азаматтарға енді несие берілмейді. Яғни, сарбаз әскер қатарында жүрген уақытта банк те, микроқаржы ұйымы да оған қарыз рәсімдей алмайды. Бұл – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген жаңа қаулы жобасында көрсетілген.

Құжаттың атауы ұзақ болғанымен, мағынасы түсінікті. Онда мерзімді әскери қызметке шақырылған сарбаздар туралы, олардың несиесі бар-жоғы жөнінде және төлемді кейінге қалдыру мәселесі бойынша мемлекеттік органдар мен кредиттік бюролардың қалай ақпарат алмасатыны жазылған. Аталған жоба «Ашық НҚА» сайтында 3 ақпанға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.

Бұл өзгерістер кездейсоқ емес. Қаулы жобасы 2026 жылғы 16 қаңтарда Мемлекет басшысы қол қойған «Банктер және банк қызметі туралы» заңды іске асыру үшін дайындалған.

Жаңа тәртіпке сәйкес, мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар туралы ақпарат Қорғаныс министрлігі мен кредиттік бюролар арасында автоматты түрде алмасады. Бұл бір жағынан сарбаздардың бұрын алған несиелері бойынша төлемді кейінге қалдыруға мүмкіндік береді. Екінші жағынан – адамның әскерде жүргені немесе қызметтен босатылғаны оның кредиттік есебінде көрсетіледі.

Ең маңыздысы – банктер мен микроқаржы ұйымдары енді несиеге өтінім түскен кезде азаматтың әскерде жүрген-жүрмегенін міндетті түрде тексереді. Егер кредиттік есепте адамның мерзімді әскери қызмет өткеріп жатқаны жазылса, қаржы ұйымы оған несие беруден бас тартуы тиіс.

Бұл мәселе неге көтерілді деген сұрақ көп адамды қызықтырады. Себебі қазірдің өзінде сарбаздардың мойнында қомақты қарыз бар. 2025 жылғы қарашадағы дерекке сәйкес, мерзімді әскери қызметшілердің қаржы ұйымдары алдындағы берешегі 9 млрд теңгеге жеткен. 

Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев мәлімдеген. Оның айтуынша, елде 40 мыңнан аса мерзімді қызметтегі сарбаз бар. Соның ішінде 20 мың сарбазға несие төлемін кейінге қалдыру мүмкіндігі берілген. Ал жалпы қарыз көлемі – 9 млрд теңге.

Қазір қолданылып жүрген тәртіп бойынша, әскерге шақыру туралы электронды бұйрық шыққаннан кейін бұл ақпарат банктерге жіберіледі. Құжатты алған банк сарбаздың несиесін 14 айға дейін кейінге қалдырады. Оның 12 айы – әскерде жүрген уақыты. Ал қосымша 2 ай – әскерден келген соң жұмыс тауып, аяққа тұруы үшін қарастырылған мерзім.

Мемлекет сарбаздарға тек несие бойынша ғана емес, басқа да қолдау көрсетіп отыр. Мысалы, жоғары оқу орындарына арналған сертификаттар беріледі. 2024 жылы осындай 3 мыңға жуық сертификат табысталған.

Жалпы алғанда, жаңа шектеудің басты мақсаты – әскердегі азаматты қарызға батырып алмау. Тұрақты табысы жоқ, әскери міндетін өтеп жүрген сарбаз үшін несие – ауыр салмақ. Сондықтан мемлекет бұл мәселені алдын ала шешіп, қаржылық тәуекелді азайтуды көздеп отыр.

 

 

Барлық жаңалық