AIF-2025 халықаралық форумының басты пікірталастарының бірі көміртегі нарығын дамыту тақырыбына арналды. Қазақстан мен Орталық Азия үшін бұл тек климаттық міндет емес, экономиканы қайта құрудың стратегиялық құралына айналуға тиіс. Сессия барысында сарапшылар көміртексіздендіру үдерісіндегі кедергілер мен мүмкіндік терезелерін ашып көрсетті, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Мәселе жай экологиялық саясатта емес. Бүгінде бүкіл әлем жаһандық жылынудың салдарын сезініп отыр. Бұл жағдайда көміртек шығарындыларын азайту моральдық міндет емес, экономикалық қажеттілік. Алайда, Орталық Азия елдерінде бұл міндетті іске асыруға тосқауыл болатын басты фактор инвестициялық жүйенің өзі. Орталық Азия Университетінің зерттеуі көрсеткендей, аймақтағы энергетика саласына бағытталатын инвестициялардың 56-93%-ы қазба отынға, яғниғ мұнай, көмір, газ секторларына кетіп жатыр. Бұл өңірлік саясаттың әлі де ескі модельге сүйеніп отырғанын білдіреді. Егер бұл үрдіс өзгермесе, жасыл экономикаға көшу тек декларация күйінде қалуы мүмкін.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Жаһандық байланыстар және ынтымақтастық дирекциясының басшысы Уильям Томпсон пікірталаста бұл тығырықтың түп-тамырына үңілді. Оның айтуынша, біз әдетте жауапкершілікті инвесторларға арта саламыз, бірақ шын мәнінде, кінә оларда емес.
«Біз үнемі “инвесторлар қызықпайды” деп кінәлаймыз. Бірақ нақты қарасақ, оларда кінә жоқ. Кінә – жүйеде. Қазіргі экономикалық модель таза энергияны коммерциялық тұрғыдан тартымды етіп көрсете алмай отыр. Нарықта көміртектің нақты бағасы жоқ. Ал бұл инвестициялық шешім қабылдаудағы ең маңызды сигнал», деді Томпсон.
Оның айтуынша, көміртегі нарығы тек климатты емес, технология мен инновацияны дамытатын ортаға айналуы керек. Бірақ ол орта өздігінен пайда болмайды — мемлекет тарапынан нақты институционалдық шешімдер қажет.
«Көміртекке лайықты баға белгіленсе, бизнес автоматты түрде жаңа шешімдер іздей бастайды. Жаңа технологиялар өмірге келеді. Ғылыми зерттеулер көбейеді. Білім беру жүйесі сұранысқа бейімделеді. Бұл – тек экология емес, тұтас экономиканың жаңғыруы», деді ол.
Қазақстан бұл бағытта алғашқы қадам жасады, елде ETS (Emissions Trading System) жүйесі енгізілген. Ол көміртегі шығарындыларына арналған сауда жүйесі. Алайда, сарапшы бұл жүйенің тиімділігіне күмәнмен қарайды.
«Иә, ETS бар. Бірақ көміртек бағасы тым төмен. Бұл кәсіпорындарға шын мәнінде өзгеруге түрткі болмайды. Біз ЭЫДҰ тәжірибесін негізге ала отырып, бұл бағаны нақты нарықтық деңгеймен сәйкестендіруді ұсынамыз. Бұл жүйеден түсетін қаржыны төмен көміртекті экономикаға көшуге нақты бағыттау керек. Сонда ғана ETS жүйесі экологиялық мақсаттармен қатар, нақты экономикалық серпінді де қамтамасыз ете алады», деді Уильям Томпсон.