💰 Экономика

Қазақстандықтар рубльден жаппай бас тартып жатыр

2025 жылдың мамырында айырбастау пункттері ресей рублін бұрын-соңды болмаған көлемде кері қайтарып жатыр, деп жазады Ozgeris.info.

Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, өткен айда айырбас орындары тіркеген рубльдің таза кері ағыны 35,7 млрд теңгені құрады. Бұл 2020 жылдан бергі ең ірі көрсеткіш. Сонымен қатар рубль нарығындағы сұраныс алты ай қатарынан теріс аймақта қалып отыр. Мұндай ұзаққа созылған кері динамика кейінгі бес жылда алғаш рет байқалып отыр.

Рубльге сұраныстың күрт төмендеуінің себебі – айырбастау пункттерінің бұл валютаны халықтан көптеп сатып алуы, ал клиенттердің оны сатып алуға деген қызығушылығы айтарлықтай азайған. Яғни, нарықта рубльдің көлемі артып, ал оны сатып алушылар қатары кеміп отыр. Бұл халықтың рубльге деген сенімінің әлсірегенін және валюта таңдауда басқа бағыттарға бет бұрғанын аңғартады.

Алайда сұраныстың төмендегеніне қарамастан, рубль бағамы нығайып келеді. Мамыр айында ресейлік валютаның орташа бағамы 6,35 теңгеге жетіп, сәуірдегі 6,18 теңгемен салыстырғанда өсім көрсетті. Бұл құбылыс валюта нарығындағы ішкі сұраныс пен сыртқы факторлардың әркелкі әсерінен туындауы мүмкін.

Рубльге деген қызығушылықтың төмендеуі басқа шетелдік валюталарға сұранысты күшейтті. Айталық, доллар бойынша таза сұраныс 161,5 млрд теңгеге жетіп, сәуірмен салыстырғанда 2,4 есе артты. Жылдық өсім 6%-ды құрады. Бұл ретте доллардың орташа бағамы мамырда 511,77 теңге болды, бұл сәуірге қарағанда 0,6%-ға төмен.

Еуро да назардан тыс қалған жоқ. Таза сұраныс бір ай ішінде 4,9 млрд теңгеден 13,8 млрд теңгеге дейін өсті. Дегенмен жылдық динамикада бұл көрсеткіш 22%-ға төмендеген. Еуроның мамыр айындағы орташа бағамы 577,21 теңгені құрап, біршама тұрақтылық танытты.

Барлық жаңалық