Кейінгі онжылдықта технологияның адам өміріне ену қарқыны күрт артты. Енді банкке барып, шот ашып, кезекке тұру қажет емес, бәрі смартфон арқылы жасалады. Бірақ дәл осы қарапайым көрінетін әрекеттердің артында кім тұр? Көп жағдайда – өнім дизайнері. Бұл мамандық бұрын тек визуал, түс пен шрифт таңдаумен шектелетін болса, қазір бизнес шешімдердің тікелей қатысушысына айналды, деп сараптайды Ozgeris.info.
Қаржы, әсіресе банк саласы сенімге негізделген. Ал сенім қолданушының өніммен алғашқы бетпе-бет келуінен басталады. Интерфейс түсінікті ме, батырмалар дұрыс орналасқан ба, мәтін сенімді әрі нақты ма – осының бәрі клиенттің шешіміне әсер етеді. Бұл жерде өнім дизайнерінің жұмысы шешуші рөл атқарады.
UX/UI – сыртқы сұлулық емес, ішкі логика
«WILDBERRIES» компаниясында және «Tinkoff» банкінің жобаларында жұмыс істеген өнім дизайнері Аделина Уржанованың айтуынша, финтех саласында дизайн тек әдемілікпен өлшенбейді.
– Қаржы өнімінде әр элемент жауапты. Мәселен, клиент шот ашу үшін бір батырманы басады. Бірақ сол батырма қандай түсте, қандай мәтінмен, қай жерде орналасқан, мұның бәрі зерттеу мен тест нәтижесінде анықталады. Біз әр шешімді нақты мақсатпен қабылдаймыз. Бұл тек визуал емес, қауіпсіздік, заң талаптары, қолданушы психологиясы сынды факторлардың тоғысы, – дейді ол.
Оның айтуынша, өнім дизайнері – универсал маман. Ол заңгерлермен де, редакторлармен де, әзірлеушілермен де бір үстел басында отырып жұмыс істейді. Себебі әр шешім нақты ақшалай тәуекелмен байланысты. Түсініксіз мәтін, дұрыс құрылмаған интерфейс клиенттің сенімінен айырылу ғана емес, компания үшін нақты шығын.
Креатив емес, жүйе құрушы
«Ronin Studio» негізін қалаушы Қуаныш Аманғали да өнім дизайнерінің жұмысына тек «әдемілеу» деп қарауға болмайтынын айтады.
– Өнім дизайнері – командадағы ең кешенді ойлайтын маман. Ол маркетолог та, аналитик те, кейде копирайтер де бола біледі. Біз батырманың түсін немесе мәтінін кездейсоқ таңдамаймыз, артында нақты зерттеу, логика және бизнес-мақсат тұрады. Кейде тек бір түсті өзгерту арқылы қолданушы әрекетін 30%-ға дейін арттыруға болады, – дейді ол.
Қуаныштың айтуынша, визуал қанша әдемі болғанымен, егер интерфейс түсініксіз болса, қолданушы одан бас тартады. Сондықтан өнім дизайнері үшін басты көрсеткіш әдемілік емес, қолданушы тәжірибесінің сапасы. Яғни, өнімді түсіну, пайдалану оңай болса ол жақсы дизайн.
Нарық не дейді?
«Kolesa Group» зерттеуіне сүйенсек, Қазақстандағы өнім дизайнерлерінің 39%-ы IT-компанияларда, 18%-ы қаржы және банк секторында жұмыс істейді. Бұл көрсеткіштердің өзі-ақ нарықтың жаңа маманға деген сұранысын аңғартады. Ал белсенді аймақтар ретінде Алматы (66%) мен Астана (20%) көш бастап тұр.
Жалақы деңгейі де осы мамандықтың маңызын көрсетеді. Қазіргі таңда өнім дизайнерінің орташа жалақысы – 1 220 000 теңге. Бұл графикалық дизайнерлермен салыстырғанда екі есе жоғары.
Бұл нені білдіреді? Біріншіден, өнім дизайнері бизнес үшін инвестиция. Екіншіден, бұл салада бәсеке жоғары. Үшіншіден, нарық нақты нәтижеге жұмыс істейтін мамандарды бағалай бастады.
Болашақтың мамандығы
Өнім дизайнері енді жай ғана «техникалық маман» емес. Бұл болжаушы, сарапшы, зерттеуші, стратег. Мысалы, Аделина Уржанова қазіргі заман дизайнерінің бірнеше қабілетті қатар меңгеруі керектігін айтады.
– Өнім дизайнері қолданушы не ойлап тұрғанын алдын ала сезетін зерттеуші әрі бизнеске пайдалы шешім ұсынатын стратег. Ол адамның интерфейспен қалай әрекет ететінін білуі керек. Қай батырманы қашан басады, қай жерде қолданудан бас тартады, неге жарты жолда шығып кетеді – осының бәрін зерттейді. Сонымен қатар маркетинг, мәтін жазу, аналитика бәрін түсініп, әріптестерімен бір тілде сөйлесуі қажет, – дейді ол.
Қазіргі командалар кросс-функционалды. Бір жобада дизайнер, маркетолог, бағдарламашы, аналитик бірге жұмыс істейді. Осы команданың «тілін түсінетін» әмбебап дизайнер бүкіл процестің өзегіне айналады.