Кейінгі жылдары автосалондар мен банктер «Несие тарихыңыз жақсы болса, көлік немесе несие беруге дайынбыз» деген ұсыныстарды жиі айтады. Бірақ көпшілік өз несие тарихын қайдан, қалай тексеруге болатынын біле бермейді. Осы орайда назар аударатын негізгі жайттарға тоқталайық, деп жазады Ozgeris.info.
Несие тарихы деген не?
Несие тарихы – бұл сіздің аты-жөніңізге тіркелген барлық несиелер мен қарыздар туралы ақпарат. Оның ішінде несие қандай банктен, қашан, қанша мөлшерде алынғаны, төлемдердің кешіктірілгені немесе уақтылы төленгені де тіркеледі. Яғни, қаржы ұйымдары сіз туралы шешім қабылдағанда қарайтын басты құжаттардың бірі.
Жылына бір рет тегін
Әрбір азамат өзінің несие тарихын жылына бір рет тегін сұратып ала алады. Ал екінші және одан кейінгі тексерулер ақылы негізде жүргізіледі.
Несие есебін қалай алуға болады?
Несие тарихыңызды келесі жолдармен тексере аласыз:
- Бірінші кредиттік бюроның ресми сайты немесе мобильді қосымшасы арқылы;
- eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы;
- Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО), Қазпошта бөлімшелері және Бірінші кредиттік бюроның кеңсесі арқылы;
- Мемлекеттік кредиттік бюро арқылы.
Көп жағдайда сайтта тіркелу, ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) немесе биометриялық сәйкестендіру қажет болады.
Қате табылса не істеу керек?
Егер несие есебіңізде қате немесе дәйексіз ақпарат байқасаңыз мысалы, сіз әлдеқашан өтеген несие «төленбеген» деп көрсетілсе, міндетті түрде сол несие беруші банкке немесе микроқаржы ұйымына ресми түрде шағым түсіруіңіз қажет. Қаржы реттеушісі де осыны ұсынады.
Шағымыңызды құжаттармен дәлелдеуді ұмытпаңыз: төлем түбіртегі, банкпен жазысқан хаттар немесе келісімшарт көшірмесі маңызды.