🌐 Әлем

Украинадағы соғыс кемінде тағы екі жылға созылуы мүмкін: бейбіт келіссөздер нәтиже бере ме?

Украинадағы соғыс кемінде тағы екі жылға созылуы мүмкін: бейбіт келіссөздер нәтиже бере ме?

Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған бейбіт келіссөздер шешуші кезеңге жетті. Бұл туралы британдық LBC.co.uk басылымы хабарлайды. Еуропа елдері Украинаға шамамен 100 млрд фунт стерлинг көлеміндегі бұғатталған ресейлік активтерді пайдалануға беруге дайын. Бұл қаражат соғыс қимылдарының кемінде тағы екі жылға жалғасуына мүмкіндік беруі мүмкін.

Дүйсенбі күні Лондонда, Даунинг-стритте Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Украина президенті Владимир Зеленскийді, Франция президенті Эммануэль Макронды және Германия канцлері Фридрих Мерцті қабылдады. Кездесу Ресеймен соғысты тоқтатудың ықтимал жолдары мен Еуропа қауіпсіздігі мәселелеріне арналды.

Кир Стармер қазіргі жағдайды «шешуші кезең» деп атап, кез келген бітімнің әділетті әрі ұзақ мерзімді болуы тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, Украинаға қолдау көрсету Еуропаның қауіпсіздігімен тікелей байланысты.

Украина президенті Владимир Зеленский бейбіт келіссөздер барысында АҚШ пен Еуропаның бірлігі маңызды екенін атап өтті.

«Біз америкалықтарсыз да, еуропалықтарсыз да бұл үдерісті еңсере алмаймыз», – деді ол.

The Times мәліметінше, Еуропа елдері жақын күндері бұғатталған ресейлік активтерден Украинаға қаржы бөлу жөнінде ортақ шешімге келуі мүмкін. Бұл қаражат соғысты тағы екі жылға дейін жалғастыруға немесе бейбіт келісімнен кейін елді қалпына келтіруге бағытталуы ықтимал.

Франция президенті Эммануэль Макрон Украина мен оның одақтастарының қолында әлі де ықпал ету тетіктері бар екенін айтты. Оның пікірінше, әскери көмектің жалғасуы мен санкциялар Ресейге қысым жасауда маңызды рөл атқарып отыр.

Сонымен қатар Владимир Зеленский Украина аумағына қатысты кез келген аумақтық ымыраға баруды жоққа шығарды. Оның айтуынша, бұл қадам заңдық және моральдық қағидаларға қайшы.

Ресей тарапы Украина аумағында шетелдік әскер орналастыруға қарсы екенін білдіріп отыр және бейбіт келісім үшін аумақтық талаптарынан бас тартпай келеді. Сарапшылар нақты ілгерілеу Мәскеудің ұзақ мерзімді бейбітшілікке дайын екеніне байланысты екенін атап өтеді.

Барлық жаңалық