Танымал тележүргізуші, журналист Дина Төлепберген 20 жыл бұрын Шымкентте тұрған жұпыны пәтерін көрсетті, — деп хабарлайды Ozgeris.Info.
Бұл туралы журналист өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.
«20 жылдан соң оралу… Шымкент, 1 бөлмелі суық пәтер… Кішкентай кезімде достарыма пәтерімді, үйімді көрсетуге қынжылатынмын. Себебі тұрмыстың төмендігін көріп, араласатындар алшақтайды деген қорқыныш болған еді. Мектеп кезімде осы үйіме жақын құрбым келді. Ол не айтады, үй-жағдайымды көріп қашқақтай ма, деген ой болды. Бірақ, жоқ… Келесі күні оның маған қарым-қатынасы баяғы қалыпты күйде қалды. Мен сол кезде нағыз құрбы, нағыз жанымды түсінетін дос екенін ұғындым. Әзір де екеуміз сыр сақтамас құрбымыз. Сізге де құлаққағыс қалтаңызға, киіміңізге, үйіңізге қарап араласатын адамдар болса алшақтаңыз. Нағыз дос, нағыз жанашыр жоқшылыққа да, тоқшылыққа да қарамайды», — деп жазды Дина Төлепберген өзінің бұрынғы үйіне барған видеосын жариялап.
Журналист жастық шағы өткен, ешқашан күн түспейтін суық пәтерінің есігін қағып, әлі күнге дейін сол шағын ауданда тұратын көршілерін көріп мәз болды.
«Мінекей, араға 20 жыл салып, бұрын тұрған ыстық пәтерге келдім. Ешкім жоқ. Есесіне көріспеген көршілеріммен қауыштым… Шымкенттіктер, 8 микрорайон барсыздар ма?» — деді журналист.
Желіде жазылып жатқан пікірлерге қарағанда журналистің өмірін бақылап жүрген Дина Төлепбергеннің көршілері көп екен.
«Мен де осыдан 6 жыл бұрын осы районда пәтер жалдап тұрдым. Мына магазин де есімде. Әлі де Шымкентте тұрамыз, бірақ 8 мкр бармағалы біраз болыпты», «Мен де тұрғанмын ғой 5 домда» деп пікір жазып жатыр желі қолданушылары.
ПІКІР ЖАЗУ