Денсаулық сақтау жүйесі халықтың сенімін жоғалтты. Бюджеттен миллиардтаған қаражат бөлінеді, ал қарапайым халық дәрігерге қаралу үшін апталап, тіпті айлап кезек күтеді. Бұл қайшылықтың себебі неде? Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қыруар ақша қайда кетіп жатыр? Тиімділік неге әлі төмен деңгейде қалып отыр? Осы сұрақтарға жауапты Ozgeris.info тілшісі халықтың және сарапшылардың пікіріне сүйеніп іздеп көрді.
Медициналық көмекке қол жеткізу неге қиын?
Соңғы уақытта қазақстандықтар медицина сапасына жиі шағымданып жүр. Бірі МРТ-ға жолдама алу үшін айлап күткенін айтса, енді бірі ай сайын МӘМС жүйесіне ақша төлей отырып, сапалы қызмет ала алмай отырғанын жеткізуде.
«13-14 мың теңге төлейміз, бірақ бәрібір жекеге барамыз. Сонда бұл жүйе не үшін керек?»-дейді Алматы тұрғыны Айгүл Жаңабергенқызы.
Сенаттағы жаңа заң: Үміт пе, күдік пе?
Қазір Сенатта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасы қаралуда. Президент 2024 жылғы Жолдауында барлық азаматтарға арналған біртұтас медициналық пакет қалыптастыруды тапсырған болатын. Бұл пакет мемлекеттің мүмкіндігіне сай болуы тиіс, ал одан тыс қызметтер сақтандыру арқылы төленуі керек.
Алайда Халық партиясы бұл өзгерістердің қоғамға кері әсері болуы мүмкін екенін айтып, қоғамдық тыңдау ұйымдастырды. Сарапшылардың айтуынша, МӘМС жүйесінде төрт негізгі мәселе бар. Біріншіден, азаматтардың қамтылу деңгейі төмен. 3 миллионнан астам адам жүйеден тыс қалған. Әдеттегідей, цифрландырудың жеткіліксіздігі, медициналық көмектің аралас пакеттері және қаржыландыру тапшылығы басты мәселелер қатарында.
Бизнес не дейді?
Кәсіпкерлер жаңа реформалар дайындықсыз іске қосылса, алғашқы медициналық көмектің мүлде күйреуі мүмкін екенін ескертті.
«Медициналық ұйымдар үнемі кредиторлық берешекте. Тарифтер шығынды жаппайды. Жүйені салыққа енгізу жекеменшік клиникаларды жойып жіберуі мүмкін»,-дейді талқылауға қатысқан кәсіпкерлік өкілі Назгүл Қабдрахманова.
Егер жеке сектор әлсіресе, бүкіл салмақ мемлекеттік ауруханаларға түседі. Бұл болса кезектерді көбейтіп, қызмет сапасын одан әрі нашарлатуы мүмкін.
Министрлік сенімді: бәрі бақылауда
Денсаулық сақтау министрлігі мен МӘМС қоры бұған мүлде басқаша қарайды. Олар реформалар жүйені жақсартып, нақты көмекке мұқтаж адамдарға қаржыны дұрыс жеткізуге мүмкіндік береді дейді.
«Жол оңай болмайды. Бірақ жылдың соңына дейін алғашқы оң нәтижелер көрінеді. Мемлекеттік міндеттемелер уақытында қаржыландырылса, қиындықсыз өтеміз»,-деді МӘМС қорының басшысы.
Мемлекеттің жоспары бойынша, денсаулық сақтау бюджеті 3 трлн теңгеден 3,5 трлн теңгеге дейін артады. Бұл цифрландыру мен ашықтықты барынша талап ететін кезең болмақ.
Халық не ойлайды?
Жүйеге сенетіндер де, күмәнданатындар да бар. Алайда көпшілік ауруханаға барудан қалғандарын жазуда. Пікірлердің басым бөлігі шағымдар мен наразылық.
Экономикалық негіз әлсіз бе?
Мәселе тек медицинада емес. Мәжілісте республикалық бюджеттің орындалуы қаралып, Халық партиясы Үкіметтің жұмысын сынға алды. Нақты табыстан емес, Ұлттық қор мен сыртқы қарыздар арқылы жабылып жатқан шығыстарға алаңдаушылық білдірілді.
2023 жылы мұнайдан тыс табыстар бюджет шығыстарының 53%-ын жапқан болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш-45%. Бұл дегеніміз экономиканың мұнайға тәуелділігі күшейіп барады деген сөз.
Президент ЖІӨ-ні 2029 жылға дейін екі еселеуді тапсырғанымен, қазіргі жағдайда бұл мақсатқа жету қиындап бара жатқан арманға айналды.
Кооперативтер арқылы халыққа жақындау
Сын-пікірлермен бірге нақты ұсыныстар да айтылды. Халық партиясы кооперативтер туралы бірыңғай заң қабылдауды ұсынды. Қазіргі заңнамалар шашыраңқы, бұл ауылдың, тұрғын үй секторының, тіпті кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіруде.
Бастамашылардың айтуынша, жаңа заң:
– кедейшілікті азайтуға,
– халықты тұрғын үймен қамтуға,
– ауыл шаруашылығын дамытуға,
– жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
«Кооперативтер ауылдағы экономиканы тірілтетін күш. Бұл халықаралық тәжірибемен дәлелденген»,-дейді заң жобасын қолдаған сарапшылар.
Медицина жай ғана сала емес, бұл азаматтың өмір сүру сапасы мен сенімінің көрсеткіші. Қанша заң қабылданса да, қанша қаржы бөлінсе де, жүйе халыққа нақты, қолжетімді және сапалы көмек көрсетпесе бәрі бос сөз.