Жаңалықтар

«Зейнеткерге шабуыл»: жасөспірімдерге үкім шықты

«Зейнеткерге шабуыл»: жасөспірімдерге үкім шықты

Қарағанды қаласында зейнеткерге жасалған шабуыл ісі бойынша сот үкімі шықты. Қылмыстық іс бойынша тоғыз адам айыпталды, олардың жетеуі — кәмелетке толмағандар деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Іс Қарағанды облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып, 2026 жылғы 3 сәуірде аяқталды.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 2025 жылдың ақпан айында айыпталушылар 68 жастағы тұрғынның пәтеріне екі рет заңсыз кірген. Олар жәбірленушінің әлсіз жағдайын пайдаланып, оны ұрып-соғып, қорлап, болған оқиғаны ұялы телефонға түсірген. Соның салдарынан зейнеткердің денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келіп, материалдық шығынға ұшыраған.

Сонымен қатар наурыз айында тағы бір оқиға тіркелген. Кәмелетке толмағандардың бірі топ құрамында басқа бір азаматтың үйіне заңсыз кіріп, оны ұрып, 95 мың теңге көлеміндегі мүлкін алып кеткен.

Сот барысында айыпталушылардың кінәсі олардың жартылай мойындауымен, жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, сондай-ақ сараптама қорытындыларымен дәлелденді.

Мемлекеттік айыптаушы барлық күдіктілерге бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Ал қорғау тарапы керісінше, жеңіл жаза тағайындауды өтінген. Жәбірленушілер соттан заң аясында әділ шешім шығаруды сұрады.

Сот шешімімен айыпталушыларға нақты мерзімдер тағайындалды: біреуіне — 7 жыл, екіншісіне — 6 жыл 6 ай, екі жасөспірімге — 5 жыл 6 айдан, қалғандарына — 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілді.

Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырды. Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер зейнеткердің үйіне электр сымдарын тексеру сылтауымен кіріп, кейін оны қорлап, видеоларды таратқан.

Оқиға аясында тағы бір жағдай орын алған — күдіктілердің кейбірі құрдастары тарапынан өз бетінше жазаланған. Бұл дерек бойынша да бөлек қылмыстық іс қозғалған.

Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Барлық жаңалық